«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Баға тек теңгеде көрсетілсін

2016 жылғы 25 Қазан
11043 просмотров

Тауарлар мен қызметтердің бағасын шетелдік валютамен көрсетуге тыйым салатын заң жобасы дайындалды

Ұлттық экономика министрлігі жарнама саласындағы уәкілетті орган болуы мүмкін. Бұл ретте, ведомство мемлекеттік органдардың қатысуымен жарнама мәселелері бойынша салааралық үйлесім және басқару жұмысына жауап бермек. «Мемлекеттік реттеудің мұндай үлгісін таңдау, бүгінде саясатқа жауап беретін бірыңғай уәкілетті органның жоқ болуынан, аталған салада құқықтық қатынастарды реттейтін ортақ тетіктің жоқ болуынан туындап отыр. Ал, өзін-өзі реттеу жүйесін енгізу әлі де көп уақытты қажет етеді. Себебі, бизнес бұған әлі дайын емес», – деді Үкімет отырысында заң жобасын таныстырған ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.

Заң жобасындағы міндетті норма бойынша Қазақстан Республикасы аумағында жасалған өнім бағасы, оның ішінде жарнама, тек ұлттық валютада көрсетілуі керек. «Біз шынымен, тауарлар мен қызметтер құны тек ұлттық валютада көрсетілуін талап еткелі отырмыз. Ал, айыппұл төлеу мен осы саладағы заңбұзушылықтар «Сауда қызметі туралы», «Жарнама қызметі туралы» заңдар мен заң актілері арқылы реттелетін болады. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті – осылардың бәріне бас-көз болу, ал жарнамаға келер болсақ, оған телеарналар жауап беруі керек. Сәйкесінше, олар Ақпарат және коммуникация министрлігінің құзыретінде болуы тиіс. Яғни, орталық БАҚ-та көрініс табатын барлық жарнамалар заңға сәйкес болуы қажет», – деді Үкімет отырысы аяқталғаннан кейін өткен брифингте ұлттық экономика министрі.

Тағы бір маңызды ережелердің бірі – сыртқы жарнаманы орналастыруға берілетін рұқсаттың мерзімін ұзарту туралы ұсыныс болды. Естеріңізге сала кетейік, бүгінде қолданыстағы заңға сәйкес, сыртқы жарнаманы орналастыруға қажет рұқсат 1 жылға беріліп отыр. Сол себепті, жарнама берушілер жыл сайын рұқсат беру органдарына қажетті құжаттар пакетін ұсынып, жарнаманың орналасу мерзімін ұзартуға мәжбүр. Осылайша, заң жобасында мұндай жарнама рұқсатын 1 жылдан 5 жылға дейін ұзарту қарастырылуда.

«Бұл ретте, өтпелі жағдайлар да назардан тыс қалып отырған жоқ. Оған сәйкес, заң жобасы күшіне енгенге дейін берілген рұқсаттар да бес жыл бойы жарамды болуы керек», – деді  Қуандық Бишімбаев.

Заң жобасы арқылы «Әкімшілік заң бұзушылықтар», Салық, Жер, Бюджет кодекстеріне, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» кодексіне, «Сауда қызметін реттеу туралы», «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Телерадио хабар тарату туралы», «Рұқсаттар мен ескертулер туралы», «Жарнама туралы», «Қазақстан Республикасы астанасы мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасы мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы», «Автокөлік жолдары туралы» Заңдарға өзерістер енгізілмек. 

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер