«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Міндетті сақтандыру төлемдері көп болмайды

2017 жылғы 31 Қаңтар
11391 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Ұлттық экономика министрлігімен жұмыс берушілердің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне аударатын төлемдерінің пайызын азайту туралы келісімге келді

Бұл туралы ҰКП Қызмет көрсету саласы департаментінің директоры Жанна Оспанова «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылауға арналған қоғамдық тыңдалым барысында айтты.

ҚР ҰКП өкілі Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен бірлесе отырып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізу бойынша ауқымды жұмыс жүргізгенін атап өтті. «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ҰКП-ның қарауына екі мәрте келіп түскен. Онда Қазақстан Республикасының 18 заңы мен 7 кодексіне өзгерістер мен  толықтырулар енгізу қарастырылған.

Аталған заң жобасының ережелері өткен жылдың маусым айында және тамыз айында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында талқыланған еді. Оған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, салалық қауымдастықтардың, ірі жұмыс берушілердің, бизнес-қауымдастықтың өкілдері мен ҚР Парламенті депутаттары қатысты. Өткізілген кездесулердің нәтижесі бойынша кәсіпкерлік қауымдастығының ұсыныстары мен ескертпелері Ұлттық палатаның сараптамалық қорытындысына енгізілді.

 «Желтоқсан айында ҚР ҰКП-ның кәсіпкерлерге салынатын салықтық жүктемені оңтайландыруға қатысты ұсыныстары бойынша жүргізіліп жатқан жұмысқа Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі қосылды. Мәселе мынада, міндетті зейнетақы жарналарын төлеу және МӘМС жүйесіне аударым жасау міндеттемелері қатар енгізілгендіктен, 2020 жылға қарай жұмыс берушінің де, жұмысшының да еңбекақы төлеу қорына жалпы жүктемесі 50% болады, яғни 2016 жылмен салыстырғанда, 14%-ға артады. Жүргізілген жұмыстың басты жетістігі – жұмыс берушілердің аударымдарының  %-дық мөлшерлемелерін азайту жөніндегі Ұлттық экономика министрлігімен жасалған келісім», – деп есептейді Жанна Оспанова.

«Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына сәйкес, жұмыс берушілердің МӘМС жүйесіне аударатын төлемдері 2017 жылы 2%-дан 1%-ға дейін, 2018 жылы 3%-дан 1,5%-ға дейін, 2019 жылы 4%-дан 1,5%-ға дейін, 2020-2021 жылдары 5%-дан 2%-ға дейін, 2022 жылы 3%- ға дейін азаяды.

Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып атқарған жұмыс нәтижелері бойынша, бизнес-қауымдастықтың 60-тан астам ұсынысы қаралып, біраз ұсыныстар ескерілді.

«Мысалы, Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңында МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу мерзімі аударымдардың соңғы төлемін төлегеннен кейін 1 айдан 3-айға дейін артты. Аударымдар мен жарналар сомасын түзету қажеттігі алынып тасталды», – деп атап өтті ҰКП департаментінің директоры.

Жанна Оспанова атап өткендей, МӘМС жүйесін тиімді енгізу үшін, бизнес-қауымдастықтың пікірінше, мынандай шараларды жүзеге асыру қажет: ҚР Парламенті депутаттарын, қоғамды, Ұлттық палата мен бизнес-қауымдастықты тарта отырып, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек көрсетуге аударылатын қаржы шығынына аудит жүргізу. «Аудит қаржылық ағындардың мөлдірлігін, қаржының қандай мақсаттарға жұмсалып жатқанын, оларды пайдаланудың тиімділігін көрсетеді. Сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және ерікті медициналық сақтандыру қызметтерін құрамдастыру мүмкіндіктерін ескере отырып, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартудың жол картасын әзірлеу қажет. Емделушінің электронды паспортын енгізуді жылдамдатып, 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін көпфункциялы ақпараттық жүйені енгізуіміз керек. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық көмек көрсету кезінде жекеменшік медициналық ұйымдардың медициналық ұйымдар желілерін құруға қажетті ресурстарын барынша ескеру қажет. Ал жұмысшылары аурып қалған жағдайда, ерікті сақтандыру шарты бойынша жұмыс беруші төлейтін сақтандыру сыйақыларын жеке табыс салығы кірістерінен алып тастау қажет», – деп атап өтті ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер