«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматыда үшінші Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды

2016 жылғы 30 Қараша
- Алматы қаласы
10243 просмотров

Үш жыл ішінде кәсіпкерлерге 14 мыңнан астам кеңес берілген

Жаңа орталық Гагарин 10 (Төле би көшесінің қиылысы) мекенжайында ашылды. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында 6 қызмет – бухгалтерлік және салық есептері, маркетинг, заң, кеден және жобаларды сүйемелдеу бойынша тегін кеңестер беріледі. Жақын арада жаңа КҚО-да Алматы қаласы инвесторларына қызмет көрсету мамандары да кеңес бермек. Олар орталық көмегіне жүгінген әр инвестордың жобасын сүйемелдейді деп күтіліп отыр.  Жаңа орталықтың ашылу салтанатына қала әкімі Бауыржан Байбек қатысты. Шаһар басшысы тұрғындарды ақпараттандырудың, бизнес-қызмет жүргізуді насихаттаудың қаншалықты маңызды екендігіне тоқталды. 

Бұл Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының биылғы жылы ашылған үшінші орталығы болып отыр. Жыл басынан бастап өзге орталықтарда (Достық даңғылы 160 және Гоголь көшесі 111)  шағын және орта кәсіпкерліктің субъектілеріне 7143-тен астам қызмет көрсетілген.

«Алматыда тағы бір Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашу – кезек күттірмейтін, маңызды мәселе болды. Себебі, жыл сайын тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны артып келеді. Осыған орай, олардың тарапынан кеңес алуға деген сұраныс та өсіп келеді. Жас кәсіпкерлерді бизнес ашуға, оны ілгері дамытуға қатысты барлық сауалдар қызықтыратыны айдан анық. Осы аталған қызметтердің барлығын Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы ҚКО-да тегін көрсетіп келеді. Егер статистикаға көз жүгіртсек, 2014 жылы Қызмет көрсету орталықтарында 1400 қызмет, 2015 жылы – 5483 қызмет, ал биылғы жылдың 11 айында – 7143 қызмет көрсетілген», – деп хабарлады Орталықтың ашылу салтанатында Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов.

Жеке кеңесшілерден бөлек, Орталықтарда техникалық талаптарға, рұқсат беру құжаттарына қатысты табиғи монополиялар субъектілері мен мемлекеттік органдар қызметкерлері қабылдау жүргізеді. «Бір терезе» қағидаты бойынша КҚО-да сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, мемлекеттік сәулет-құрылысын бақылау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарламалары, мемлекеттік кірістер, тұтынушылар құқығын қорғау департаменттері, ХКҚО, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ, «Алматы жылу желілері» АҚ, «ҚазТрансГаз-Алматы» АҚ, «Холдинг Алматы Су» МКК өкілдері қызмет көрсетеді. Жалпы жыл басынан бастап мемлекеттік органдар мен табиғи монополиялар субъектілері 282 қызмет көрсеткен.

2016 жылдың тамыз айынан бастап Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «Прокурор кабинеті» өз жұмысын бастады. Онда Алматы қаласы прокуратурасы қызметкерлері мемлекеттік органдармен жұмыс жасау барысында орын алған заңсыз тексерулерге, түрлі қажетті құжаттарды, лицензияларды алуға, кәсіпкерлік қызметке белгісіз түрлі себептермен қол сұғылған мәселелерге қатысты кеңестер береді.  Прокурор қабылдауы әр бейсенбі сайын «келіссөздер кабинетінде» өтеді. Бүгінгі күні, онда 62 кәсіпкердің өтініші қаралған.

2016 жылдың 21 қыркүйегінен бастап, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында Алматы қалалық адвокаттар алқасы адвокаттарының қабылдауы өткізіледі. Онда кәсіпкерлерге әкімшілік, азаматтық және қылмыстық істер жөнінде білікті заңнамалық көмек көрсетіледі. Бұған дейін 38 кәсіпкерге қолдау көрсетілген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер