«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстандық өнім әлем нарығына ортақ брендпен шығатын болады

2016 жылғы 05 Желтоқсан
5378 просмотров

«Ұлы дала елі» бірыңғай брендін пайдалану құқығын тағайындауға арналған байқау жеңімпаздары анықталмақ

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай шетелде танылатын «Ұлы дала елі» бірыңғай брендін қалыптастыру – Қазақстан әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарынан орын алу бағытындағы Ұлт жоспарын орындау болып табылады. Бұл қазақстандық сапалы өнімдерді ортақ  бренд аясына шоғырлануы, яғни ұлттық тауарды жаңа белеске шығаруға, бәсекелестікке төзімділік кеңістігін құруға, жаһандық дағдарысты игеруге бағытталған жүйе болмақ.

Қазақстан Републикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқау, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы, жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсіміне орай өткен баспасөз маслихатында  «Ұлы дала елі» жаңа байқауының шарттары мен маңыздылығы жайында «Атамекен» ҰКП Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департамент директоры Жеңісбек Дулатов мәлімдеді.  

«Жалпы «Ұлы дала елі» бірыңғай брендін қалыптастыру қазақстандық үздік өнімдерін экспортқа шығаруды жолға қояды. Мұндай әдіс әлем елдерінде кеңінен қолданылуда. Мәселен, «Siemens», «Procter & Gamble» сияқты компаниялар. Біздің мақсат байқау арқылы ең үздік компанияларды тану, шетелде қазақстандық сапаның оң имиджін қалыптастыру. «Қол жұмылмай – жылынбайды» демекші, ортақ мүддеге біріккен ұлттық тауарларымыздың әлеуетін арттыру, қазақстандық сапа имиджін қалыптастыру  бірігу арқылы жүзеге асады», – деді Жеңісбек Дулатов.

Байқауға қатысудың негізгі өлшемдері: экспортқа бағыттанушылық; жергілікті қамту үлесі; халықаралық марапаттар болуы; брендтің Қазақстанның әлем аренасында қабылдануымен теңдестірілуі. Жеңімпаздар қатарында өндірісінің кем дегенде 50 пайызы отандық шикізат, экспорт үлесі 30 пайыз құрайтын кәсіпорындар іріктелді.

«Ұлы дала елі» еліміздің біртұтас бренді сипатында сапалы өнім мен қызметтерді біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл бір жағынан, жеңімпаздарға арналатын қосымша жеңілдіктерді ескерер болсақ, өндірушілерді жаңа белестерді бағындыруға ынталандырса, екінші жағынан, Қазақстанның халықаралық дәрежеде танымалдылығын арттырып, беделін нығайтады.

Байқау шеңберінде 23 әлеуетті қатысушы өтінімдері қарастырылып, 12 үміткер іріктелді. Содан кейін олардың өндірістеріне комиссия жіберілді. Комиссия тексеру нәтижесінде Ұлттық палата сайтында онлайн дауыс беру үшін шығарылған 6 үміткерді белгіледі. 2 желтоқсанда дауыс беру қорытындысы бойынша үш үздік кәсіпорын іріктелді, олар жоғарыда аталған конкурстар жеңімпаздарымен бірге ертең, яғни 6 желтоқсанда мараптталады», – деп атап өтті Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департамент директоры Жеңісбек Дулатов.

6 желтоқсанда үш отандық компания Қазақстан брендін халықаралық ауқымда насихаттау, алыс-жақын шетелде танымалдылығын арттыру мақсатында, «Ұлы дала елі» бірыңғай брендін қолдану құқығын иеленеді.  

Әлия Кемелбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер