«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Оралда инвестициялық порталдың таныстырылымы өтті

2018 жылғы 07 Қараша
- Батыс Қазақстан облысы
8178 просмотров

Батыс Қазақстан облысында bko.invest.gov.kz инвестициялық порталы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. Оның негізгі мақсаты – облысқа инвестицияларды тарту, өңірдің инвестициялық әлеуетін жақсартып, тартымдылығын арттыру, инвесторларға ақпараттық қолдау көрсету.  

Сайтта өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалар, мемлекеттік қолдау шаралары туралы барлық ақпаратты алуға болады. Мұнда тауар өндірушілер тізілімі, индустриялық аймақ, инфрақұрылым, жер учаскелері туралы мәлімет, даму институттарының байланысы туралы ақпарат қамтылған.

 «Инвестициялық портал мемлекет пен бизнес арасында өзіндік көпірге айналады. Ақпарат үш тілде: қазақ тілі, орыс тілі мен ағылшын тілінде берілген. Аталған сайт инвесторларға сервистік көмек көрсететін болады. Мәліметтер «бір терезе» принципі бойынша қолжетімді.  Мәселен, бұрын БҚО әкімдігі сайты, Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы сайты және басқа да бөлек, бөлек ресурстар болған, ал мұнда барлық өнімдер бір жүйеге біріктірілген. Егер сайтқа инвестор кірсе, қалай кәсіпорынды құру қажет, қалай оны тіркеу керек, еңбек заңнамасының құрылымы туралы өзіне қажетті мәліметті ала алады.  Бір сөзбен айтқанда, инвесторға қызмет көрсетудің толық спектрі беріледі.  Сонымен қатар порталда виртуалды қабылдау бөлімі бар. Бұл механизм өтінім берушілерге кері байланыс алу үшін қажет», – деді БҚО әкімдігінің Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы жетекшісінің орынбасары Хасен Тоясов.

Қазіргі таңда Оралда Кәсіпкерлерді қолдау картасы аясында жалпы сомасы 8 млрд теңге көлемінде 30-дан астам инвестициялық жоба іске асуда, 2000 жұмыс орны құрылды.

«Сыртқы инвестициялар үлесі бойынша Батыс Қазақстан облысы республикада бірінші орын алып отыр. Жұмыс өте қызу, біз халықаралық көрмелерге қатысып жүрміз. Әлеуетіміз жоғары. Әлемдік практикаға келетін болсақ, инвесторлар тау-кен қазу саласына қызығушылық танытуда. Біз өңдеу өнеркәсібіне ден қойдық, өйткені, еліміз экономикамыздың шикізаттық емес секторына ауысуы керек», – деді Хасен Тоясов.

 Портал таныстырылымы жасалған соң кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жаңа өзгерістер жайында ақпарат берілді. Жаңашылдықтар шешім қабылдауда ашықтық пен айқындықты қамтамасыз етуге бағытталған.

 «Енді электронды үкімет веб-порталы арқылы өтінім беруге болады, осылайша субсидиялау мен кепілдендіру құралдары бойынша шешім қабылдау ашық жүргізіледі. Клиент өзінің өтінімін онлайн бақылай алады. «Даму» қоры мақұлдаған соң, кәспкердің жеке кабинетіне хабарлама келеді. Тағы бір өзгеріс Өңірлік үйлестіру кеңесіне қатысты. Кеңес отырысы айына екі рет ұйымдастырылатын, оның өтуі мүшелердің жұмыс кестесіне қарай икемделетін. Осылайша жобаларды қарастыруға көп уақыт кететін. Қазір Қаулыға өзгерістер жасалып, аталған кезең оңтайландырылды. Енді шешімді «Даму» қоры өзі қабылдап, 5 минут ішінде келіп түскен өтінімдер легіне қарай шешім қабылданады. Енді кәсіпкер өңірлік кеңес шақырылымын күтпейтін болады», – деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалы директорының орынбасары Әсет Тілемісов.

Жылдың басынан «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша «Даму» қоры арқылы 80-ге жуық бизнес субъектісі несие алды. 2018 жылға бөлінген қаржы игерілді, қосымша қаражат бөлу мәселесі қаралуда. Мамандардың айтуынша, екінші деңгейлі банктер бұл қаражатқа қазығушылық танытуда, өйткені оларда тапсырыстар бар. Бұл жайт аталған бағдарламаның тиімділігін көрсетеді.

 Жиында «Бастау» жобасына база назар аударылды. Оның жүзеге асыруға арналған қаражат «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қорына» жіберіледі. Қазіргі таңда Оралда жоба бойынша оқыған 1833 жұмыссыз бен өзін-өзі қамтыған адамның ішінен 538-і 1,9 млрд теңге көлемінде несие алды. Осылайша «Бастаудың» әр үшінші түлегі кәсіп бастап немесе бизнесін кеңейте алды. Қаржыландырылған жобалар бойынша Батыс Қазақстан облысы республикада бірінші орын алып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер