Алматыда ауыр салмақты көліктердің жүргізушілеріне жүк тасымалдау ережелері түсіндірілді
Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы және «Алматы қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы» РММ «Жолдағы қоғамдық қабылдау» акциясын өткізді
Акцияның негізгі мақсаты – жүк және жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын жеке компанияларға жүргізушілердің құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, сондай-ақ ҚР заңнамасымен қарастырылған көліктік бақылауды жүргізу тәртібін түсіндіру. «Жолдағы қоғамдық қабылдау» қорытындысы бойынша жүк және жолаушылар көлігін жүргізушілер тарапынан құқық бұзушылықтар саны төмендейді деп күтілуде.
«Акция жыл сайын өтеді, түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде біз құқық бұзушылықтар мен айыппұлдардың азайғанын байқаймыз. Үлкен жүкті тасымалдаушылардың негізгі құқық бұзушылығы – тасымалданатын жүктің рұқсат етілген мөлшерінен асып кетуінде, сонын салдарынан жолдардың сапасына залал келтіріледі. Өткен жылғы есеп бойынша 350 жүргізушіге әкімшілік айыппұл салынса, ал ағымдағы жылдың басынан бері 106 әкімшілік айыппұл салынды. Жеке тұлға үшін айыппұл сомасы 100 АЕК-ке дейін, заңды тұлға үшін тоннажға және қызмет түріне байланысты: шағын бизнес-100-ден 200 АЕК-ке дейін, орташа 200-300 АЕК-ке дейін. Егер жүк мөлшері 10 тоннадан асатын болса, ірі бизнес үшін айыппұл 1000 АЕК-тен көп болады. Айыппұлдарды болдырмау үшін біз белгіленген мөлшерді сақтап, шамадан тыс жүксіз жүруді талап етеміз. Немесе egov порталы арқылы арнайы рұқсаттамасын алу, ол үшін үйден шықпай-ақ, тасымалдаушы өтінім бере алады. Маман 2 күн ішінде өтінімді өңдеп, тасымалданатын жүктің километражы мен тоннажына байланысты арнайы рұқсатнамасын береді. Арнайы рұқсат құны әкімшілік айыппұлдардан әлдеқайда арзанға түседі», – деп Алматы қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Хамит Петралиев түсіндірді.
Сонымен қатар, мекеме жүк тасымалдаумен байланысты, мемлекеттік қызметтерді де көрсетумен айналысады. Жыл басынан бері көліктік бақылау инспекциясы халыққа 16 мыңнан астам қызмет көрсетті, оның ішінде ірі көлемді және ауыр салмақты автокөлік құралдарының жүріп өтуіне арнайы рұқсат беру (алым сомасы 83 млн теңгені құрады), жүріп өту үшін алым (12 млн теңгеге), шетелдік рұқсат бланкілерін беру (59 млн теңгеге).
«Өткен жылы біз 39 500 мемлекеттік қызмет көрсеттік. Сонымен қатар, біз сол немесе басқа елдің жүргізушісіне шетелдік рұқсат бланкілерін де береміз. Мысалы, егер қазақстандық жүргізуші Францияға барғысы келсе, біз оған француздық үлгідегі жүкті тасымалдауға рұқсат береміз. Бізде 46 елмен халықаралық келісімдер бар, жыл соңына қарай біз бланкілермен алмасуды бастаймыз. Рұқсатсыз елдер де бар, олар Кеден Одағы елдері, олардың көлігі біздің жолымызда еркін жүре алады», - деп айтты Хамит Петралиев.
Іс-шараға Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы, Көліктік бақылау инспекциясы, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Полиция департаменті, «Нұр Отан» партиясы және басқа да уәкілетті органдардың қызметкерлері қатысты.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: