«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

БҚО Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары тікелей эфир арқылы «Бастау» жобасы туралы хабарлады

2020 жылғы 05 Маусым
- Батыс Қазақстан облысы
7588 просмотров

«Бастау» Орал өңірінде танымал жоба. Кәсіпкерлік негіздеріне оқимын деушілердің саны артып келеді. Биыл жедел курстың форматы мен мазмұны өзгерді. Жаңашылдықтар жайында фейсбуктегі тікелей эфирде сарапшылар айтты. Онлайн отырыс БҚО Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған

 Кәсіпкерлер палатасына жүгінетін бірінші мәселелердің бірі – бизнесті нөлден қалай бастап, «Бастау» жобасына қалай қатысуға болады. Бағдарламаға қатысу үшін Кәсіпкерлер палатасына келу міндетті емес. Өтінімді, жеке куәлік көшірмесі мен Жұмыспен қамту орталығы берген жолдаманы мына сілтеме арқылы онлайн беруге болады.

 «Кәсіпкерлік негізіне оқыту бағдарламасы жұмыссыздарға арналған. Курсқа көп балалы, аз қамтылған отбасылардың мүшелері, мүмкіндігі шектеулі адамдар, өзін өзі жұмыспен қамтығандар, яғни құрылғанына 3 жылға дейін болған жеке кәсіпкерлік иелері қатыса алады. Оқу үшін Жұмыспен қамту орталығынан жолдама алу керек. Кейін қатысушыларға сілтеме беріледі, ол арқылы оқуға тіркелу керек. Кез келген ыңғайлы уақытта қатысушылар материалдармен танысады. Курс 21 күнге шақталған, 12 модуль бойынша 50 сабақтан тұрады. Әр модуль соңында тапсырма берілген. Тапсырмаларды бизнес-тренер тексереді. «Бастау» қатысушылары тестілеуден өтіп, ең кемі 70 балл жинауы керек. Содан кейін оқуды аяқтау туралы сертификат беріледі. Егер адам екі рет аралық тестілеуден өте алмаса, ол топтан шығады. Осылайша оқу аяғына дейін тиянақты дайындалған кәсіпкер ғана өте алады», – деді БҚО Кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Сәуле Жұбаева.

 Қатысушылар бизнес-жоспар дайындайды. «Бастау» түлегі 200 АЕК көлемінде мемлекеттік грант алуға өтінім бере алады немесе «Еңбек» бағдарламасымен жылдық 6 пайызбен несие алуға құқылы. «Бастау» 2020 жылдың 10 маусымында іске қосылады. БҚО-да биыл 1150 адамды оқыту жоспарланған. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының «Бизнес-мектеп» жобасы бойынша өтінім қабылдау басталды.

 «Ережеге биыл өзгерістер енгізілді. Жобаға кәсіпті енді бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер қатыса алады. Өтінім қағаз күйінде қабылданады. Ол үшін БҚО Кәсіпкерлер палатасына келіп, жеке куәлік көшірмесі, жеке кәсіпкерлік немесе ЖШС-ны тіркеу көшірмесін беру керек. Онлайн оқу 10 күнге жалғасады. 10 модульде 5 сұрақтан тест қарастырылған. Егер 10 модульден өтіп, тесті тапсыра алмасаңыз, қайтадан 1-модульден бастау керек болады. Кейін жеке кабинетіңізге QR-кодпен сертификат келеді. Сертификат «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 5 млн теңгеге дейін грант алуға мүмкіндік береді», – деді Сәуле Жұбаева.

 Тікелей эфир барысында Палата сарапшылары келіп түскен сұрақтарға жауап берді. Эфир соңында БҚО Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова пандемия жағдайында мемлекет бизнесті қолдау шараларын кеңейткенін атап өтті.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер