«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жергілікті кәсіпкерлерге электр қуатының тарифі қайта қарала ма?

2024 жылғы 30 Сәуір
- Шымкент қаласы
6289 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында сауда және өңдеу өнеркәсібі салалық кеңестерінің отырысы өтіп, онда реттелмейтін электрмен жабдықтаушы компаниялардың лицензиясы уақытша тоқтатылуына байланысты отандық тауар өндірушілердің мәселелері қаралды.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекованың төрағалығымен өткен жиынға Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменттерінің, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агентігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшылары, қалалық әкімдіктің ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік басқармаларының өкілдері, сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП Энергетика және ТҮКШ департаменті мен Қазақстанның энергиямен жабдықтау ұйымдары қауымдастығының жетекшілері қатысты.

Күн тәртібіндегі басты мәселе – 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап өңірлік табиғи монополияларды реттеу департаменттері тарапынан реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы компанияларға берілген лицензиялар уақытша тоқтатылуда. Палата басшылығының айтуынша, мұндай жағдай бизнеске кері әсер етіп отыр.

«Бұл мәселе кәсіпкерлер үшін өте маңызды деп санаймыз. Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасына (әрі қарай – Палата) түрлі саладағы кәсіпкерлерден, өңдеу өнеркәсібі мен әлеуметтік маңызды азық-түлік өндірушілерден электр қуатына қатысты осы мәселеге байланысты шағымдар түсіп жатыр. Олардың барлығы өндірісте электр қуатын тұтынады. Шағымдарында көрсеткендей, бұған дейін реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы компаниялармен электр қуатының 1 кВт/сағ 23-35 теңге аралығында сатып алуға келісімшарт жасасқан. Отандық тауар өндірушілердің айтуынша, реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы компанияларға берілген лицензиялардың тоқтатылуы өндірілетін өнімдер мен тауарлардың бағасына және шетелдік өнімдермен бәсекелестікке әсер етуі мүмкін», – деді Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

Шымкент қалалық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшылығы бұл Үкіметтің тапсырмасы екенін алға тартты.

«Дегенмен, қазіргі таңда өңдеу өнеркәсібіне қатысты жағдайды да қарастырып отырмыз. Жалпы, Қазақстандағы электр қуатымен жабдықтау саласында екі нарық бар – бөлшек және көтерме жабдықтау. Егер кәсіпкерлердің электр қуатын тұтыну мөшлері тәулігіне 1 МВт-тан асса, онда электр энергиясын тікелей сатып алуына болады. Бұған тыйым салынбаған», – деді Шымкент қалалық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Кенжеболат Көшекбаев.

Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкентте кепілдік берілген электрмен жабдықтаушы бір ұйым – «Энергопоток» ЖШС бар. 2024 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша «Энергопоток» ЖШС-нің монополияға қарсы орган бекіткен тарифі 1 кВт/сағ электр қуатына қосымша құн салығын қосқанда 47 теңге 29 тиынды құрайды. Бұл тариф 2023 жылдың қараша айында бекітілген.

Сонымен қоса, «Энергопоток» ЖШС-нің әлеуметтік маңызды тауарлар өндірушілерге арнайы тарифі бар, оның құны электр қуатының 1 кВт/сағатына қосымша құн салығымен бірге 33,66 теңгені құрайды. Ол тарифті тұтыну үшін кәсіпкерлердің әлеуметтік маңызды тауар өндіретін кәсіпкер екенін растайтын анықтамасы болуы керек.

Дегенмен, жиынға қатысып отырған кәсіпкерлердің бірқатары қалалық әкімдіктің тиісті басқармаларынан мұндай анықтаманы алуда қиындық туындап отырғанын алға тартты. Бұл сұраққа жауап берген Шымкент қаласы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі мұндай анықтама беру басқарма құзырына кірмейтінін және кәсіпкерлік нысанына бару заңсыз тексеру болып кетуі мүмкін екенін жеткізді.

Жиын барысында кәсіпкерлер бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Мысалы, «Бал Текстиль» ЖШС директорының орынбасары Дәулет Қанашаев қаладағы индустриалдық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтар үшін электр қуатының тарифін төмендетуді немесе электрмен жабдықтаушы компаниялардың тарифіндей баға қоюды сұрады.

«Атамекен» ҰКП Энергетика және ТҮКШ департаментінің басшысы Жақып Хайрушев электрмен жабдықтаушы компаниялар лицензияларының уақытша тоқтатылуының заңдылығына құқықтық баға беру үшін ҚР Бас прокуратурасына хат жолданғанын және Үкімет басшысының атына тиісті хат әзірленіп жатқанын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған Палата директоры Сабира Адамбекова уәкілетті органдарға электр қуатының тарифін қайта қарауды ұсынды. Түркістан облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Думан Қалыбеков бұл ұсыныспен келісіп, бұл мәселе орталық деңгейде мамыр айының басында қаралатынын айтты.

Ал «Атамекен» ҰКП энергетика және ТҮКШ департаментіне осы мәселені орталық деңгейде шешуді қарастыру туралы ұсыным берілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер