«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Райымбек Баталов Бейжіңде CITIC басшылығымен бірлескен өндірістің әлеуетін талқылады

2024 жылғы 26 Қараша
569 просмотров

26 қараша күні Бейжіңде Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» төрағасы Райымбек Баталов, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Каримсаков және CITIC Group директорлар кеңесінің төрағасы Си Гуохуа арасында кездесу өтті. Келіссөздер барысында тараптар ынтымақтастықтың ағымдағы және болашақ бағыттарын талқылады.  

Райымбек Баталов CITIC өкілдеріне Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.  

«Сіздің еліміздегі «Қаражанбасмұнай» және CASPI BITUM жобаларыңыз мұнай-газ және инфрақұрылым салаларын дамытуға елеулі әсер ететін табысты серіктестіктің жарқын мысалдары болып табылады», — деп атап өтті Баталов.  

Әсіресе, CASPI BITUM өндірісін жылына 750 мың тонна битумға дейін арттыруды көздейтін жаңғыртуға және «Қаражанбасмұнай» кен орнындағы суды тұщыландыру жобасын аяқтауға ерекше назар аударылды.  

Қазіргі уақытта кәсіпорынның өндірістік қуатын жылына 750 мың тонна битумға дейін арттыру үшін қолданыстағы мұнай өңдеу жабдығын жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда (қолданыстағы ЭЛОУ-АВТ қондырғысын жаңғырту арқылы мұнайды өңдеуді жылына 1,5 млн тоннаға дейін арттыру). 2024 жылдың сәуірінде CITIC компаниясымен жабдықтарды дайындау және жеткізу, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу туралы келісімшарт жасалды. Жобаның құны – 31 млрд теңге.  

Райымбек Баталовтың айтуынша, Ұлттық палата осы инвестициялық жобаны іске асыру кезінде туындайтын мәселелерді шешуге кәсіби қолдау көрсетуге дайын.  

Сонымен қатар, ол жаңа бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамыту әлеуетін, соның ішінде тұрақты энергетика, логистика, цифрландыру және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобаларды, атап айтқанда, смарт-технологияларды қолдана отырып, органикалық өнім өндіру мүмкіндіктерін атап өтті.  

«Қазақстан Еуразияның орталығында орналасқан және біз аймағымызды тұрақты әрі өркендеген етуге мүмкіндік беретін бірлескен жеткізу тізбектерін құруда үлкен перспективаларды көріп отырмыз», — деп қосты ол.  

Өз кезегінде CITIC басшылығы Қазақстан нарығында қатысуды кеңейтуге және жаңа бастамалар бойынша ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Кездесу соңында тараптар диалогты жалғастыруға және нақты жобаларды пысықтауға келісті.  

Айта кетейік, CITIC Group (China International Trust and Investment Company) 1979 жылы құрылған. Бұл қаржы-банк қызметімен, сақтандырумен, өнеркәсіп және құрылыс секторларына инвестиция салумен, энергетика, минералды ресурстарды игеру, машина жасау, көлік және телекоммуникация, сондай-ақ жылжымайтын мүлікпен айналысатын ірі мемлекеттік конгломерат.  

«Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы үшін CITIC компаниясы инвестициялық және индустриялық жобаларды іске асырудағы стратегиялық серіктес болып табылады, бұл қазақстандық бизнес үшін озық технологияларды енгізуге, халықаралық инвестицияларды тартуға және елдің экспорттық әлеуетін дамытуға үлкен мүмкіндіктер ашады», - деді Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басшысы Мұрат Қарымсақов.  

2023 жылдың шілде айындағы жағдай бойынша корпорацияның операциялық табысы 100,7 млрд долларды, ал таза пайдасы 3,9 млрд долларды құрады. «CITIC Group» Fortune Global 500 халықаралық компаниялар рейтингінде 100-орында тұр.  

Бейжіңге жасаған іскерлік сапары аясында Ұлттық палата басшысы Райымбек Баталов пен Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов сондай-ақ жабдықтау тізбектерін дамыту жөніндегі 2-ші Қытай халықаралық көрмесіне қатысты. Бұл көрме өнеркәсіптен бастап ауыл шаруашылығына дейінгі негізгі салалардағы жетістіктерді көрсетті.  

Осы жылы CISCE көрмесі жеткізу тізбектерінің әрқайсысындағы жаңа өнімдерге, технологияларға, процестер мен материалдарға арналған 70-тен астам бағыттарды ұсынады. Көрмеге 69 елден және халықаралық ұйымдардан 700-ге жуық экспонент қатысып, келушілер саны 100-ден астам елден келді. Олардың арасында 80 танымал шетелдік сатып алушылар бар, бұл өткен сессияның көрсеткіштерінен айтарлықтай жоғары. Шетелдік қатысушылардың үлесі 32%-ға дейін өсті, олардың 50%-ы Еуропа мен Американың өкілдері болса, 60%-дан астамы Fortune Global 500 рейтингінің әлемдік ірі компаниялары. Fortune Global 500, Қытайдың 500 ірі кәсіпорны және Қытайдың 500 ірі жеке компаниялары рейтингтерінің қатысушыларының саны сәйкесінше 42%, 46% және 70%-ға артты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер