«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Әлеуметтік кәсіпкерлік: қоғам мен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер

2024 жылғы 13 Желтоқсан
2208 просмотров

ҰКП алаңында Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Шағын комитеттің есеп беру отырысы өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдар, әлеуметтік бизнес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып, жұмыс нәтижелері мен секторды қолдау бойынша мәселелерді талқылады.

Өз сөзінде Шағын комитет төрағасы Әйгерім Жаналинова әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру жөнінде сөз қозғады.

Оның айтуынша, бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау үшін бірқатар ынталандыру шаралары, атап айтқанда, қаржылық, мүліктік, инфрақұрылымдық, ақпараттық қолдау және салықтық жеңілдіктер қарастырылған.

Айта кетейік, әлеуметтік кәсіпкерлердің жалпы тізілімі еліміздің түкпір-түкпірінен 803 субъектіден тұрады. Ең көбі – Астана (184 субъект) және Алматыда (110 субъект) болса, төмені – Павлодар (11 субъект) мен Жетісу облысында (7 субъект) тіркелген.

Шағын комитеттің бастамасы бойынша қолдау шараларының тиімділігін бағалау және мәселелерді анықтау үшін бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Негізгі мәселелердің қатарында қолдау шаралары туралы ақпараттың төмендігі, үй-жай мен инфрақұрылым мәселелері, қаржыландырудың шектеулі көздері және күрделі әкімшілік процедуралар атап өтілді.

192 әлеуметтік кәсіпкер арасында жүргізілген зерттеу аясында қолдау шараларына қанағаттану деңгейі орташа есеппен 5 балдың 3,21-ін құрады.

Кездесу барысында Әйгерім Жаналинова келесі жылға арналған жоспарға тоқталды. Жоспарға сәйкес, әлеуметтік кәсіпкерлер үшін төрт преференцияны іске асыру, proimpact.kz секторды қолдау бойынша бірыңғай платформасын құру, өнімді buysocial.kz порталы арқылы сату, әлеуметтік кәсіпорындардың қызметін күшейтілген медиа-жарияланым және CATALYST қозғалысы арқылы іскерлік байланыстар мен халықаралық ынтымақтастық тәжірибесін дамыту көзделген.

Кездесу соңында әлеуметтік кәсіпкерлікті одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар айтылды. 

Айта кетейік, Шағын комитет Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті одан әрі нығайтуға бағытталған ұсыныстарды іске асыру үшін мемлекеттік органдар және бизнес-қауымдастықпен жүргізілетін жұмысты әрі қарай жалғастырады.

 

Анықтамалық:

Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 10 өңірлік Шағын комитет Атырау, Павлодар, Қостанай, Алматы қаласы, Алматы облысы, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында шоғырланған. Бұл комитеттер өз аймақтарындағы іс-шараларды үйлестіруді қамтамасыз етеді.

Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Шағын комитет Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау, дамыту және ілгерілетуде шешуші рөл атқарады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер