«NAURYZFEST»: Түркістанда ұлттық киімдер сәні насихатталды
Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша жұмысшы мамандықтар жылы аясында «NAURYZFEST» ұлттық киімді насихаттауға арналған «Үздік сәнгер» байқауы өтті. Шараны Түркістан облысының Білім басқармасы мен «Сән технологиясы» құзыреттілік орталығы ұйымдастырды.
Байқау ұлттық киімдерді дәріптеуге бағытталды. Оқытушылар мен дизайнерлер дәстүрлі және заманауи стильдерді үйлестірген 30 киім топтамасын ұсынды. Қатысушылар өз жұмыстарын қазылар алқасына таныстырып, шығармашылық шеберліктерін көрсетті.
Іс-шара аясында ұлттық қолөнер көрмесі, шеберлік сабақтары және мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды. Байқаудың басты мақсаты – ұлттық мәдениетті заманауи көзқараспен дамыту, сән мен дәстүрге қызығушылықты арттыру.
Өңірлік палата директоры Асылан Ибадуллаев Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжіне барып, «Үздік сәнгер» байқауын тамашалап, оқу орнының қызметімен танысты. Кездесу барысында колледж директорының оқу-өндірістік жөніндегі орынбасары Мейірбек Джаякбаев білім беру бағдарламалары, өндірістік тәжірибе ұйымдастыру жүйесі және дуалды оқыту бағдарламалары туралы ақпарат берді.
Өңірлік палата өңірлерде білікті жұмысшылардың тапшылығына және жаңа жұмыс орындарын құру қажеттілігіне ерекше мән береді. Бұл жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға ықпал етеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: