«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жеңіс: құрылыс бизнесі үшін «eQurylys» порталы тегін болмақ

2025 жылғы 17 Сәуір
2926 просмотров

2025 жылғы 7 сәуірде  ҚР ӨҚМ-н Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ұйғарымын орындауға, атап айтқанда барлық құрылыс салушыларға «eQurylys» порталына тегін қол жеткізуді қамтамасыз етуге міндеттелген соттың апелляциялық шешімі күшіне енді.

Белгілі болғандай, құрылыс және нысандарды пайдалануға қабылдау сапасын бақылауды автоматтандыруды қамтамасыз ететін «eQurуlys» ақпараттық порталын Құрылыс және ТКШ Комитеті 2018 жылдан бастап әзірлеген.

Құрылыс компаниялары бұл порталдан үлкен үміт күтті. Өйткені автоматтандыру қызметтердің ашықтығын арттырып қана қоймай, құрылысты аяқтау және тіркеу процесін жеңілдетіп, уақытты қысқартады.

Алайда, іске қосылғаннан бері «eQurуlys» платформасы ақылы платформаға айналды. Мысалы, сметалық құны 1 миллиард теңгеден аспайтын әрбір құрылыс нысаны үшін ай сайын 50 мың теңге, ал құны 1 миллиард теңгеден асатын нысан үшін 75 мың теңге, құны 10 миллиард теңгеге дейінгі нысандар үшін 100 мың теңге, т.б.

Құрылыс кем дегенде 6 айға, тіпті бір жылға созылатынын ескерсек, құрылыс салушы әр жаңа ғимарат үшін айтарлықтай соманы төлеуге мәжбүр болады. 

«Атамекен» ҰКП бірнеше рет тарифтердің қалай орнатылғанын және порталдағы деректердің қауіпсіздігіне кім жауапты екенін анықтауға тырысты.

Ұлттық палата «еQurуlys» бағдарламасына қатысты мәселелерді сонау 2024 жылдың маусымында көтерген болатын (сілтеме: https://atameken.kz/ru/news/52106-equrulys-novyj-vid-naloga-dlya-stroitel-nogo-biznesa), онда проблемаларға, соның ішінде қызмет көрсету ақысына назар аударылып, талқыланған болатын. Бизнес мәселесін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары қолдады. Уәкілетті органның белсенді қатысуымен монополияға қарсы орган назарға алды.

БҚДА тиісті министрліктің «еQurуlys» порталына иелік ететін жеке компанияның пайдасына бәсекелестікке жатпайтын жағдайлар жасағанын анықтады. Осыған байланысты 2024 жылдың тамыз айынан бастап монополияға қарсы агенттік теңгерімсіздікті жоюды талап етіп отыр. Істі қарау барысында БҚДА жағына шешілген сот отырысы өтті. Соңғысының ұстанымын Бас Прокуратура да қолдады. Соған қарамастан, ҚР ӨҚМ өз көзқарасының дұрыстығын талап ете берді.

Бұл іс бойынша шағым 20 наурызда түсіп, 7 сәуірдегі жағдай бойынша ӨҚМ БҚДА ұйғарымын орындауға, атап айтқанда, барлық құрылыс салушыларға «еQurуlys» порталына тегін кіруді қамтамасыз етуге міндетті болды.

Осылайша, «Атамекен» ҚР ҰКП ҚР Бас Прокуратурасымен, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және салалық бірлестіктермен бірлескен күш-жігерінің арқасында қызмет үшін төлемді алып тастау бойынша нәтижелерге қол жеткізілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер