«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» ҰКП орнықты даму және ESG кеңесінің отырысында Германияның озық тәжірибесі таныстырылды

2025 жылғы 14 Мамыр
820 просмотров

«Атамекен» ҰКП-да Германияның энергия тиімді құрылыс және өнеркәсіпті декарбонизациялау саласындағы тәжірибесін зерделеуге арналған ESG және орнықты даму кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шара қазақстандық бизнес, мемлекеттік сектор және неміс сарапшылары арасындағы кәсіби диалог алаңына айналып, экономиканың негізгі салаларына орнықты шешімдерді енгізуге бағытталды.

Жиында ESG және орнықты даму кеңесінің төрағасы Юлия Якупбаева іс-шараны ұйымдастыруға жәрдемдескені және халықаралық сараптамалық ынтымақтастықты ілгерілетуге қосқан үлесі үшін Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Елшілігіне алғысын білдірді. Спикер әртүрлі салалардағы неміс сарапшыларының кейстері қазақстандық кәсіпкерлер мен реттеуші органдар үшін сөзсіз пайдалы болатынын атап өтті.

Германияның Қазақстандағы Елшісінің орынбасары Улльрих Кинне құттықтау сөз сөйлеп, орнықты даму мәселелері тек ірі компаниялардың ғана емес, шағын және орта бизнестің де қатысуын талап ететінін баса айтты.

«Орнықты экономиканы ілгерілету үшін ESG күн тәртібіне тек ірі корпорацияларды ғана емес, сонымен қатар, шағын және орта кәсіпорындарды тарту аса маңызды. Олар – инновациялардың қозғаушы күші және орнықты трансформацияның маңызды элементі. Бүгінгі іс-шара тәжірибе алмасуға ықпал ететініне қуаныштымын және оның барлық қатысушылар үшін пайдалы боларына сенімдімін», - деді Улльрих Кинне.

Отырыс барысында Германияның энергетикалық агенттігі (Dena) орнықты даму бағытында Германияда сәтті қолданылып жүрген тәжірибелермен бөлісті.

«Орталық Азия бойынша энергия тиімді ғимараттар» жобасының жетекшісі Гүлжан Тлеукенова Германияның құрылыс саласында көміртегі ізін азайтуға бағытталған тәсілдері туралы айтып, жүйелі көзқарастың маңыздылығына тоқталды.

«Ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру — климаттық мақсаттарға жетудің кілті. Германияның тәжірибесі көрсетіп отырғандай, заңнамалық негіздер, қаржылық ынталандырулар және білікті кеңес беру арқылы құрылыс секторын орнықты әрі төмен көміртекті даму жолына бағыттауға болады», - деді ол.

Dena-ның өнеркәсіп, көлік және энергия тиімділігі департаментінің сарапшысы Полина Твеленёва өнеркәсіпті декарбонизациялау стратегиялары туралы баяндама жасап, Германияда қолданылатын нормативтік құралдар, қолдау бағдарламалары мен технологиялық шешімдер туралы баяндады.

«Өнеркәсіпте көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу — кешенді шешімдерді қажет ететін ұзақ мерзімді үдеріс. Германия бұл бағытта климаттық міндеттемелерді, нарықтық механизмдерді және инновацияларды қолдауды біріктіру арқылы төмен көміртекті технологияларға көшуді ынталандырады», - деп айтты спикер.

Екі сараптамалық сессия белсенді пікірталастармен сүйемелденді. Бизнес өкілдері, салалық қауымдастықтар мен мемлекеттік органдар халықаралық тәжірибені ұлттық практикаға бейімдеудің басым бағыттарын, соның ішінде ESG стратегиялары аясында көміртегі ізін және энергия тиімділігін бағалаудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеу қажеттілігін атап өтті.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев орнықты құрылыс және өнеркәсіп салаларындағы неміс тәжірибесін зерттеу Қазақстан үшін зор маңызға ие екенін атап өтті. Бұл тәжірибе ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, практикалық шешімдер табуға және тиімді тәсілдерді бейімдеуге мүмкіндік береді.

Орталық Азиядағы Германия экономикасының өкілдігінің басшысы Эдуард Кинсбрунер орнықты тәсіл бизнестің стратегиялық маңызды факторы болып келе жатқанын айтты.

«Бүгінгі отырыстың тақырыбы ерекше маңызға ие. Орнықты даму қағидаттарын қазақстандық кәсіпорындардың тәжірибесіне табысты енгізу олардың ұзақ мерзімді экономикалық дамуына оң әсер етеді», - деді Эдуард Кинсбрунер.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар экономиканың негізгі салаларында орнықты дамуға бағытталған сараптамалық кездесулер сериясын жалғастыруға уағдаласты. Келесі іс-шара ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі саласына арналмақ. Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігі алдағы кездесулерді ұйымдастыруға көмектесуге дайын екенін білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер