«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жоғарғы Сотта кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғау мәселесі көтерілді

2025 жылғы 19 Маусым
551 просмотров

Жоғарғы Сотта «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық істер бойынша сот тәжірибесінің проблемалық мәселелері» тақырыбында форум өтті. Жиынға Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Республикалық адвокаттар алқасы және өзге де мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Сарапшылар тобына қосылған «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова аталмыш тақырып бүгінде аса өзекті болып тұрғанын айтты. Оның пікірінше, негізсіз істерді алдын алу үшін  жүйелі, ведомствоаралық тәсілді талап етеді.

Себебі тек 2022 жылдан 2024 жылға дейін бизнеске қатысты 1200-ден астам қылмыстық іс тіркелген. Олардың әрбір төртіншісі ақтайтын негіздер бойынша тоқтатылған. Алайда, оған дейін кәсіпкерлер тінтулерге, мүліктің тәркіленуіне және шоттардың бұғатталуына тап болды.

Қазіргі таңда  азаматтық-құқықтық даулар жиі қылмыстық қудалауға ұласып жатқан алаңдатарлық үрдіс байқалуда. Кей жағдайларда кәсіпкерлерге тек формалды белгілер негізінде ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) құрды деген айыптар тағылуда.

Баламалы тәсілдер болса да, қамауға алу сияқты бұлтартпау шаралары әлі де жиі қолданылып келеді. Мұның барлығы бизнестің тұрақтылығына және инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер етеді.

Мұндай жағдайды өзгерту үшін келесі бағытта кешенді шешімдер қажет:
Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларына нақты шаруашылық қызметтің (салық төлеу, штат, айналым) бар екенін ескеретін өзгерістер енгізу;
Бизнесті алаяқтық және ҰҚТ құру баптары арқылы қудалау тәжірибесін жою;
Қамауға алуға балама бұлтартпау шараларын кеңінен қолдану – кепілге алу, электронды білезіктер сияқты (бұл мәселені ҰКП тұрақты түрде көтеріп келеді);
Тұрмыстық сипаттағы алаяқтықты тергеп-тексеру мен оның саралануына бірыңғай тәсіл әзірлеу.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы адал бизнеске қатысты қылмыстық қудалау қысым көрсету құралы болмауы керек деген ұстанымды қорғап келеді.
Заңнаманың тұрақтылығы мен құқық қолдану тәжірибесінің болжамдылығы – мемлекеттік институттарға деген сенімнің және іскерлік орта дамуының негізі. Форум қатысушылары ұсынған бастамалар Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы жобасына енгізіледі. Бұл ұсыныстар құқық қорғау органдары мен кәсіпкерлік мүдделері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін әділ құқықтық жүйеге қарай жасалған маңызды қадам болмақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер