«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өнім бар — сату орны жоқ: Ақтөбе облысының аграрийлері өнімді тікелей өткізу үшін маусымдық сауда орындарын сұрайды

2025 жылғы 03 Шілде
- Ақтөбе облысы
418 просмотров

Ақтөбе облысында көкөністер мен бақша дақылдарының пісу маусымы қызған шағында. Жақында жиын-терім де басталады. Еңбекқор ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері сапалы өнім өсіруге күшін, қаражатын және үмітін жұмсайды. Алайда өнімді сататын уақыт келгенде оларды еңсеруі қиын кедергі — өткізу мәселесі күтіп тұр. Бұл түйткілді олар «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алаңында ашық айтты. Мұнда мемлекеттік органдардың, базарлардың және полиция қызметінің өкілдері қатысқан дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Фермерлердің негізгі мәселесі — көкөніс пен бақша өнімдерін тұтынушыларға тікелей сата алмауы. Сауда айналымының көп бөлігі делдалдар арқылы өтеді. Олар өнімді төмен бағамен сатып алып, кейін бірнеше есе қымбат бағаға қайта сатады. Нәтижесінде жергілікті аграрийлердің табысы мардымсыз болып қалады, ал тұтынушылар нарықта бағаның шарықтап кеткенін көреді.

«Біз табиғи, сапалы өнім өсіреміз. Бірақ саудаға келгенде тығырыққа тірелеміз: лайықты орын жоқ, өзіміз саудаға шығуға мүмкіндік беретін жағдай жасалмаған. Орындар жоқ немесе болса да, адам аз келетін жерде беріледі, логистикасы қиын. Делдалдар бізді сауда нүктелеріне жібермеу үшін қолдан келгенін істейді. Аула ішінде, халық көп жиналатын көшелерде сатуға заңмен тыйым салынған. Ал көршілес Орал қаласында жергілікті билік фермерлерге ыңғайлы жерлерден сауда орындарын ұйымдастырып көмектеседі», — дейді Қобда ауданының көкөніс өсірушісі Аслан Төлебаев.

Аграрийлер жергілікті биліктен осы мәселеге назар аударып, қолдау көрсетуді сұрайды. Олардың негізгі талабы — облыс орталығында фермерлер өз өнімін тікелей өткізе алатын қолжетімді сауда орындарын ұйымдастыру.

«Біз көп нәрсе сұрап тұрған жоқпыз. Өзің өсірген өнімді әділ әрі қосымша шығынсыз сата алатын орын қажет. Біз өсірген жаңа қауын-қарбыз, қызанақ, қияр халыққа егістіктен тікелей жеткенін қалаймыз. Маған әлі жолым болды, себебі алқабым қаланың іргесінде, тұрғындар өздері келіп алады. Ал шалғайда еңбек ететіндер қалай күн көреді? Олар әкелінген өнімдермен бәсекелесе алмайды», — деп толықтырды «Победа» шаруа қожалығының жетекшісі.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының АӨК бөлімінің басшысы Арман Алдабергенов жергілікті фермерлерді қолдау — тек әділет мәселесі ғана емес, сонымен бірге өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы екенін атап өтті.

«Тікелей өткізу өнім сапасын сақтап, бағаны қолжетімді деңгейде ұстап тұруға және жергілікті экономиканы дамытуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты кәсіпкерлер палатасы өңір аграрийлерінің ұжымдық өтінішін жұмысқа алып, оларға қолдау жолдарын қарастыратын болады», — деді ол.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы фермерлердің бұл өтінішін назарға алып, мәселенің шешімін табуға атсалысатынын жеткізді. Ақтөбелік ауыл шаруашылығы өндірушілері өздерін естиді деп үміттенеді, өйткені әрбір жеміс пен көкөністің артында айлап төгілген маңдай тер жатыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер