«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Табиғаттың хош иісі - экспорт әлеуеті

2025 жылғы 31 Шілде
- Абай облысы
477 просмотров

Абай облысында жапон сарапшыларының қатысуымен өткен шеберлік сабағында табиғи өсімдіктерді терең өңдеуге негізделген жаңа әдістер ұсынылды. Іс-шара Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) қолдауымен және Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өтті.

Косметикалық өнімдер және өңірлік брендтерді дамыту бағытында тәжірибесі бар жапон мамандары табиғи шикізатты қайта өңдеудің заманауи тәсілдерін көрсетіп, жергілікті кәсіпкерлермен өзара тәжірибе алмасты. Мастер-класс барысында эфир майы мен гүл суын алу процесі тәжірибе жүзінде көрсетіліп, дайын өнімді әртараптандыру жолдары түсіндірілді.

Сондай-ақ шара аясында қатысушыларға «Бір ауыл – бір өнім» жобасы туралы қысқаша таныстырылым ұсынылып, Қырғызстандағы осы бастама аясында жасалған өнім үлгілері көрсетілді. Қолмен дайындалған, табиғи және өңірлік ерекшеліктерге негізделген бұл тауарлар қатысушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды.

Өңіріміздің 20 дан астам кәсіпкерлері қатысқан шеберлік сағаты тек өндірістік тәсілдермен шектеліп қалмай, ашық пікір алмасуға ұласты. Жергілікті кәсіпкерлер өз идеяларымен бөлісіп, өңірдің табиғи мүмкіндіктерін пайдалану арқылы қандай жаңа өнімдер жасауға болатыны жөнінде ой бөлісті.

Сонымен қатар, жапондық сарапшылар Абай облысында өндірілетін бал өнімдеріне ерекше назар аударды. Экологиялық тұрғыда таза, табиғи негіздегі бал және оның түрлендірілген өнімдері – аймақ үшін болашағы зор бағыттардың бірі ретінде аталды.

Аталмыш кездесу кәсіпкерлерге тың идея мен жаңа серпін беріп қана қоймай, табиғи өнімдер арқылы өңірлік бренд қалыптастырудың нақты жолдарын көрсетуге ықпал ететіндігін дәлелдеді. Шара соңында жапондық мамандар мен жергілікті кәсіпкерлер іскерлік ынтымақтастықты ары қарай дамыту мақсатында байланыс телефондарымен алмасып, алдағы уақытта тәжірибе алмасуды жалғастыруға ниетті екендіктерін білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер