«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес өкілдері жаңа квазимемлекеттік брокерлік кәсіпорынға қарсы

2025 жылғы 09 Қыркүйек
1015 просмотров

ҚР Қаржы министрлігінің ұсынысы экономиканы ырықтандыру туралы қолданыстағы заңнамаға қайшы

Қазір «Атамекен» ҰКП-да сарапшылар мен бизнес өкілдері Мемлекеттік кірістер комитетіне (МКК) қарасты компанияға кедендік брокер өкілеттігін беру жөніндегі Қаржы министрлігінің бастамасын талқылап жатыр.

Ұсынысқа сәйкес, «Digital Silk Road Company» компаниясы кеден өкілі қызметтерін белгіленген бағамен көрсететін болады. Министрліктің пікірінше, бұл шаралар брокерлік қызметтер нарығындағы бағаны реттеуге мүмкіндік береді.

Бұл ретте аталмыш ұсыныс бизнес өкілдері мен сарапшылардың алаңдаушылығын тудырып отыр, себебі мемлекеттік саясатта жарияланған ырықтандыру мен адал бәсекелестік қағидаттарына қайшы келеді. ҚР Қаржы министрлігінің бұл бастамасы Мемлекет басшысының 2024 жылдың мамырындағы «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына қайшы болып отыр. Аталған Жарлыққа сәйкес, квазимемлекеттік сектордың жаңа субъектілерін құруға мораторий енгізілген. Бұл заң мемлекеттің экономикадағы рөлін бәсеңдетіп, жекеменшік секторды ынталандыруға бағытталған.

Айта кетсек, бұл бастама іске асырылатын болса, 500-ден астам кедендік брокер зардап шегуі мүмкін. Кәсіпкерлердің пікірінше, мұндай шешім бәсекелестіктің бұзылуына, мүдделер қақтығысына, нарықтың монополиялануына және сыбайлас жемқорлық жағдайларына әкелуі ықтимал.

Бизнес пікірінше, мемлекеттік қолдауға ие, әкімшілік ресурсы бар ірі ойыншының нарыққа шығуы теңсіздікке әкеледі. Мемлекеттік компания міндетті кепілдікті енгізуден босатылу, басым қызмет көрсетуге ие болу, әкімшілік ғимараттарды жалға алмастан пайдалану сияқты артықшылықтарға ие болуы мүмкін.

Бизнес өкілдерінің болжауынша, бұл жағдай бағаның демпингіне және жекеменшік компаниялардың нарықтан ығыстырылуына алып келеді.

Бұдан бөлек, МКК бақылаушы орган ретінде өзінің еншілес компаниясын тексереді, ал бұл мүдделер қақтығысына әкеледі. «Өз» компаниясы рәсімдеген декларацияларды тексеру кезінде бақылау мен бағалаудың қаншалықты объективті әрі бейтарап болатыны күмән тудырады.

Адал бәсекелестікке қайшы жағдайда мемлекеттік компания нарықта тез арада үстемдікке ие болып, монополиске айналуы мүмкін. Бұл мемлекеттің өзіндік нарығы қалыптасқан және бәсекелестік ортасы бар салалардан біртіндеп кетуі тиіс деген мемлекеттік саясатқа қайшы келеді.

Жеңілдіктер, артықшылықтар және әлсіз бақылау сыбайлас жемқорлық үшін қолайлы орта қалыптастыруы ықтимал. Қызмет көрсету мен баға белгілеудегі ашықтықтың болмауы көлеңкелі схемалар мен жағдайды теріс пайдалануға жол ашуы мүмкін.

«Бұл бастама Қазақстанның экономиканы қайта реттеу және ырықтандыру бағытына қайшы келеді. Ел Президенті бірнеше рет мемлекеттің бизнестегі үлесін қысқарту және нарықтың барлық қатысушылары үшін тең жағдай жасау қажеттігін атап өткен», – деді «Атамекен» ҰКП-ның Кедендік әкімшілендіру департаментінің директоры Дина Мамашева.

Оның айтуынша, бұл жағдайда бар нарықты қолдау және бақылау тетіктерін жасаудың орнына жаңа ойыншыны енгізу ұсынылып отыр. Бұл жалпы кеден брокерлері нарығының жойылуына әкелуі мүмкін.

Бизнес өкілдері егер үкіметтің кедендік брокерлер жұмысына қатысты сұрақтары болса, (мысалы баға деңгейіне қатысты) оларды нарықтық тетіктер, бақылауды күшейту немесе заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы шешуге болады деп санайды. Ал, бәсекелес-мемлекеттік компанияны құру арқылы мәселені шешуге тырысу бүкіл саланың дамуына кері әсерін тигізеді.

Бизнес-қауымдастық үкіметті бұл бастаманы жеке сектор өкілдерінің қатысуымен жан-жақты талқылауға шақырады. Бәсекелестік қағидаттарын сақтап, қателіктерді болдырмау үшін қауіп-қатерлерді ескеріп, халықаралық тәжірибені талдау қажет.

Жалпы алғанда, бұл бастама қазіргі жағдайда қаншалықты орынды әрі Қазақстанның күшті нарықтық экономиканы құруға бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарына қаншалықты сәйкес деген сұрақтар туындайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174