Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасында жастардың ерте кәсіби бағдарлануына арналған семинар өтті
Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасында «Дуалды оқыту және тәжірибені автоматтандыру арқылы жастардың ерте кәсіби бағдарлануына арналған платформа» тақырыбында семинар өтті. Шараға білім беру ұйымдарының өкілдері, кәсіпкерлер, жас мамандар мен студенттер қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – жастарға болашақ мамандығын таңдауға көмектесетін жаңа цифрлық платформаның жұмыс принциптерін түсіндіру болды. Аталған платформа теория мен практиканы ұштастыратын дуалды оқыту элементтерін және кәсіби даярлықтың тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи автоматтандыру технологияларын біріктіреді.
Семинар барысында Data.kz компаниясының білім беру және цифрлық шешімдер саласындағы мамандары, жоба менеджерлері — Дария Нұрғазықызы мен Аяулым Құдышева — платформа интерфейсі мен оның мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат ұсынды.
Спикерлердің айтуынша, бұл жүйе жастарды, білім беру мекемелерін және бизнес қауымдастығын өзара байланыстырушы құрал бола алады.
— Платформа тек мамандық таңдауға көмектесіп қана қоймай, алынған білімді тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік береді. Бұл дуалды оқытуды дамыту мен жастардың кәсіби бағдарын жетілдіруге септігін тигізеді, — деп атап өтті Палатаның адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Жаухар Тұрсынова.
Семинарға қатысушылар тақырыптың өзектілігін ерекше атап өтті. Өзгеріп жатқан еңбек нарығы жағдайында білікті кадрларды даярлау мен цифрлық білім беруді дамыту, сондай-ақ студенттерді нақты өндірістік үдерістерге интеграциялау — бүгінгі күннің маңызды міндеттері.
Іс-шара қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар бұл платформаны енгізу өңірде тиімді әрі заманауи кәсіби дайындық жүйесін қалыптастыруға және студенттер арасында кәсіби бағдарлауды дамытуға бағытталған маңызды қадам болатынына сенім білдірді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: