Түркістанда «Адал азамат – Адал еңбек» атты салтанатты іс-шара өтті
Бүгін Түркістандағы көрікті «Керуен Сарай» кешенінде Еңбек күніне арналған «Адал азамат – Адал еңбек» атты салтанатты іс-шара өтті. Мереке аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өңірлік деңгейде озық шыққан еңбек адамдары белгілі болды.
Шара барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев еңбек адамын ұлықтау мақсатында ұйымдастырылатын республикалық «Парыз-2025», «Еңбек Жолы» конкурстарының 2025 жылғы өңірлік жеңімпаздарын марапаттады.
Сонымен қатар, өткізілген бос жұмыс орындары жәрмеңкесі көпшілік қызығушылығын арттырды. 40-қа жуық жұмыс беруші 1 000-нан астам бос жұмыс орнын ұсынып, жәрмеңкеге келген азаматтарға кеңес беріп, нақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсынды.
2025 жылдың басынан бері Түркістан облысында:
• 64 жәрмеңке өткізіліп, 6 841 жұмыс орны ұсынылды;
• 6 761 азамат қатысып, 2 344 адам жұмыспен қамтылды;
• 37 кәсіпорында ашық есік күндері ұйымдастырылып, 15 000-нан астам адам қатысты.
Еңбек күні – адал еңбектің қадірін арттырып, қарапайым жұмысшының қоғамдағы рөлін танытатын айрықша мереке. Осындай іс-шаралар арқылы өңірде еңбек мәдениетін қалыптастырып, жастарды нақты кәсіпке баулу жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: