«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» ҰКП және бизнес «тыйым салынған тізімдегі» кейбір тармақтарды қайта қарауды сұрайды

2025 жылғы 03 Қазан
406 просмотров

Кәсіпкерлер үкіметпен диалогта алға жылжудың бар екенін атап өтуде, алайда шағын және микробизнестің кейбір салаларына төнген сын-қатерлерге алаңдаулы.

Оңайлатылған салық режимін пайдаланатын қазақстандық кәсіпкерлер жаңа Салық кодексі аясында жалпыға бірдей тәртіпке көшуге тиіс қызмет түрлерінің «тыйым салынған тізіміне» байланысты алаңдаушылықтарын білдіруді жалғастыруда.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үкіметпен диалог барысында даулы мәселелердің көбі шешілгенін атап өтсе де, кейбір салалар үшін қалған шектеулер бағаның өсуіне, кәсіпорындардың жабылуына және экономиканың көлеңкелі секторға кетуіне алып келуі мүмкін.

Үкіметпен диалог: ілгерілеу және әлі де шешілмеген мәселелер

«Атамекен» ҰКП ұйымдастырған онлайн-кездесу барысында еліміздің өңірлерінен жиналған 300-ден астам кәсіпкер реформаның қазіргі жобасын талқылады. Бизнестің ұстанымы айқын – шағын және микробизнесті құрайтын нақты санаттар бойынша шектеулерді қайта қарау қажет.

Палата өкілдерінің айтуынша, бастапқы тізімнің едәуір бөлігі өңірлік кәсіпкерлер мен салалық қауымдастықтардың қатысуымен өткізілген жұмыс нәтижесінде түзетілген. Алайда, экономикалық қызмет түрлерінің жалпы классификаторын (ОКЭД) егжей-тегжейлі талдау кезінде бірқатар маңызды, ерекше мәселе анықталды. Бұл жағдайлар үкіметтің назарын аударуды талап етті.

«Көптеген мәселелер бойынша үкімет түсіністік танытты, бұл үшін алғысымыз шексіз. Алайда, кейбір өте маңызды бағыттар қалды, олардың шектелуі бүкіл саланы құлдарауға ұшыратуы мүмкін. Біздің басты ұстанымымыз – қазірдің өзінде енгізілген шектеулерді ескере отырып, оңайлатылған режимді пайдаланушыларға қатысты қосымша тыйымдарды қолданбау», – деді «Атамекен» өкілдері.

Сын-қатерге ұшыраған салалар: кімдерге қауіп төніп тұр?

Кәсіпкерлер жеке тұлғаларға қызмет көрсететін (B2C) бағытта жұмыс істейтін, негізінен шағын бизнес жұмыс істейтін бірқатар ОКЭД кодтарының тізімнен шығарылуын ұсынды. Бұл санаттағы кәсіпкерлер үшін жалпыға бірдей салық режиміне көшу салық ауыртпалығын күрт арттырып, отандық өндіріс пен халыққа қызмет көрсетудің қолжетімділігін жояды.

Анағұрлым зардап шегуі мүмкін салалар:

- Денсаулық сақтау. «Денсаулық сақтау саласындағы өзге де қызмет түрлері» деген ЭҚЖЖ тыйым салынған тізімге енген. Бұл кодқа массаж кабинеттері, логопедтер секілді шағын жеке кәсіпкерлер мен ірі клиникалар бірдей кіріп кеткен. Жаңа режимге көшу қызмет құнының қымбаттауына, әсіресе ауылдық жерлерде бизнестің жабылуына алып келуі мүмкін.

- Туризм. Елге келуші және ішкі туризммен айналысатын туроператорлардың көбі – микробизнес. Салық ауыртпалығы мемлекет қолдап отырған бұл бағыттардың дамуын тоқтатады.

- Зергерлік сала. «Зергерлік және ұқсас бұйымдар өндірісі» ЭҚЖЖ – ірі зауыттар мен жеке шеберханаларды бір кодқа біріктірген. Шағын шеберлер үшін жаңа режим шығынның артуына, жабылуға, салық базасының қысқаруына әкеледі.

- Бөлшек сауда. Дәріханалар мен желілік маркетинг арқылы сатылым жасайтын кәсіпорындар да тізімге енген. Дәріханалар – әлеуметтік маңызы бар объектілер, сондықтан бағаның өсуі халық үшін ауыр тиеді. Ал, желілік маркетинг – мыңдаған студенттер мен декреттегі әйелдерге табыс көзі.

- Мәдениет және өнер. Концерт, шара ұйымдастырушылар да тізімге қосылған. Олардың аудиториясы – халық, сондықтан салық артса, билет бағасы өседі, қолжетімділік азаяды.

- Тұрғын үйлерді басқару. МИБ өкілдері мен басқарушы компаниялар заңды тұлғалармен келісімшарт жасаса да, соңғы тұтынушы – тұрғындар екенін алға тартты. Салық ауыртпалығы тарифтердің өсуіне, әлеуметтік шиеленіске әкелуі мүмкін.

Басқа да маңызды салалар:

- Креативті индустрия: қолөнер бұйымдары, сабын, косметика жасайтын шағын өндірістер импорттық шикізат пен валюта бағамынан зардап шегуде. Енді жаңа салықтар бұл бизнесті мүлде жоюы ықтимал.

- Шағын өндіріс: макарон, тоқыма секілді тауар шығаратын ұсақ өндірістерде есепші ұстауға қаражат жоқ. Олар жаппай жабылуы мүмкін, бұл жергілікті өндірісті қолдау мақсаттарына қайшы.

Желілік маркетинг және қауіпсіз қалдықтарды жинау ЭҚЖЖ. Бұл бағыттарды өзін-өзі жұмыспен қамтитындар үшін рұқсат етілген тізімге енгіз ұсынылды, себебі олар микрожұмыспен қамтудың нақты мысалы болып отыр, әсіресе студенттер мен декреттегі аналар үшін қосымша табыс көзі.

«Көптеген әйелдер декретте отырып жұмыс істейді – қолдан бұйым жасайды, косметикалық қызметтер, шаштараз қызметтерін көрсетеді, тапсырыспен торт пісіреді. Барлығы әлеуметтік желі арқылы жарнамалайды. Бірақ бұл – кәдімгі жарнамалық қызмет емес», – деді кәсіпкер Қарлығаш Мұқанова.

Жарнама қызметі де тыйым салынған тізімге енді. Мұнда шағын полиграфиялық компаниялар, буклет, брошюра шығаратын шағын ЖК-лер ірі жарнама агенттіктерімен бәсекелесе алмайды, сондықтан оларды тізімнен шығару сұралды.

Электр құраларын монтаждаушы, сантехника мамандары, ағаш ұсталары сияқты тұрмыстық қызмет көрсететін жұмысшы мамандықтар да қамтылып отыр. Олар жарнама мен интернет арқылы жеке тұлғаларға қызмет көрсетеді. Олардан есепші ұстауға қаражатты қайдан табады?

Кездесуге қатысушылар өз ұсыныстарын жазбаша түрде негіздеп, жақын күндері жолдауға келісті.

«Атамекен» ҰКП бірнеше күн ішінде сараптамалық қорытынды дайындап, үкіметпен диалогты жалғастырмақ.

Егер тізім шағын және микробизнестің ерекшеліктерін ескере отырып қайта қаралса, бұл Қазақстан экономикасының дамуына оң әсер етер еді.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174