«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Әлемдік рейтингтегі Қазақстанның экономикалық еркіндігі: бизнес үшін не маңызды?

2025 жылғы 16 Қазан
534 просмотров

The Heritage Foundation талдау орталығы әлемнің 184 еліндегі экономиканың жай күйін бағалайтын Index of Economic Freedom – 2025 жаңа шығарылымын жариялады.

Биыл Қазақстан 63,8 балл жинап, 68-ші орынға ие болды. Былтырғы жылмен салыстырғанда бір позицияны жоғалтқанына қарамастан, біздің еліміз әлі де әлемдік орташа деңгейден (59,7 балл), аймақтық көрсеткіштен (58,3 балл) жоғары және дамушы елдер арасында бизнес пен кәсіпкерлер үшін ең тартымды нарықтардың бірі болып қала береді.

Сонымен қатар, біздің экономикамыз Италияға (80-ші орын), Таиландқа (87-ші орын), Өзбекстанға (99-шы орын), Түркияға (110-шы орын) және Ресейге (134-ші орын) қарағанда нық көрінеді, бірақ көшбасшылардан айтарлықтай артта қалды. Мұндай нәтиже Қазақстанның дамушы нарықтары бар елдер арасында және ЭЫДҰ-ға кіретін бірқатар экономикалармен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.

Экономикалық еркіндік «азаматтарға қажетті бостандықты қорғау мен қолдауды қоспағанда, тауарлар мен қызметтерді өндіруге, бөлуге және тұтынуға үкіметтің араласуының немесе кедергісінің болмауы» деп түсініледі. Кәсіпкерлер үшін экономикалық еркіндік, ең алдымен, артық бюрократиялық кедергілер мен шектеулерсіз бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар болып табылады. Экономикалық еркіндік деңгейі неғұрлым жоғары болса, компанияларды ашу, инвестициялар тарту, өндірісті кеңейту және халықаралық нарықтарға шығу оңайырақ болады.

Экономикалық еркіндікті бағалау 4 санаттағы 12 сандық және сапалық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі: заңның үстемдігі (меншік құқығы, үкіметтің адалдығы, сот жүйесінің тиімділігі), Үкіметтің мөлшері (мемлекеттік шығыстар, салық ауыртпалығы, қаржылық жағдайы), реттеудің тиімділігі (бизнес еркіндігі, еңбек нарығының икемділігі, монетарлық еркіндік) және нарықтардың ашықтығы (сауда, инвестициялар, қаржылық еркіндік).

Рейтингтің егжей-тегжейлі құрылымы Қазақстан рейтингіндегі көп бағытты өзгерістерді көрсетеді. «Сауда еркіндігі» компоненті бойынша (74,6-дан 73,2 баллға дейін төмендету), сондай-ақ, «Монетарлық еркіндік» (-1,3 балл), «Салық ауыртпалығы» (-0,9 балл) және «Бизнес еркіндігі» (-0,4 балл) көрсеткіштері бойынша төмендеу байқалады. Бұл ретте «Инвестициялар еркіндігі» және «Қаржылық еркіндік» компоненттері бойынша өзгерістер тіркелмеген. Ең маңыздысы «Фискалдық әл-ауқат» саласындағы жақсару болды, көрсеткіш 73,7-ден 91,8 баллға дейін өсті.

Осылайша 2025 жылдың көшбасшылары:

  1. Сингапур (84,1 балл)
  2. Швейцария (83,7 балл)
  3. Ирландия (83,1 балл)
  4. Тайвань (79,7 балл)

Аталмыш мемлекеттер еркін экономикасы бар елдер тобына жатады, бұл олардың нарықтарын ырықтандырудың жоғары деңгейін, тұрақты институционалдық ортаны және кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдайларды көрсетеді.

Рейтинг 1-1,5 жыл аралықта қалыптасатынын түсіну маңызды, сондықтан деректер шамамен 2024 жылдың ортасындағы жағдайды көрсетеді. Позицияның шамалы төмендеуіне қарамастан, Қазақстан бірқатар негізгі көрсеткіштер бойынша орнықтылық пен оң динамиканы көрсетуді жалғастыруда, дамып келе жатқан экономикасы бар елдер арасында елеулі ойыншылардың бірі болып қала береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174