«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» ҰКП алаңында қазақстандық тауар өндірушілер реестрі жұмысы талқыланды

2025 жылғы 18 Қараша
806 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында барлық өңірлік палаталар өкілдерінің қатысуымен Қазақстандық тауар өндірушілер реестрінің (ҚТӨ Реестрі) жұмысын талқылауға және жаңа ақпараттық жүйенің функционалын таныстыруға арналған кеңейтілген отырыс өтті.

Онлайн-конференцияға «Атамекен» ҰКП, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Электрондық қаржы орталығы» АҚ, «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ, сондай-ақ өңірлік алаңдарда жиналған 700-ге жуық отандық өндірушіні қамтыған 20 өңірлік палата өкілдері қатысты.

Аталған платформаны Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен техникалық оператор – «Электрондық қаржы орталығы» АҚ бірлесіп әзірледі. Презентация барысында кәсіпкерлер жаңа ақпараттық жүйенің функционалымен, оның жұмыс тәртібімен және ҚТӨ Реестрін жүргізу қағидаттарымен танысты.

«Біз бизнес тарапынан Қазақстандық тауар өндірушілер Реестріне үлкен қызығушылық бар екенін байқап отырмыз. Өндірушілер үшін жүйенің қалай жұмыс істейтіні, тауардың шығу тегін растауға қойылатын талаптар және реестр іске қосылғаннан кейінгі өзгерістерді түсіну маңызды. Біздің мақсат – бизнестің жаңа жүйеге қиындықсыз көшуін қамтамасыз ету және дер кезінде ақпараттандыруды қамтамасыз ету», – деді «Атамекен» ҰКП Тауардың шығу тегін сертификаттау департаментінің басқарушы директоры Айнұр Қүзембаева.

Анықтама: ҚТӨ Реестрі 2025 жылғы 19 мамырдағы №188-VIII «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына сәйкес құрылды. Реестр «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының нысаны саналады және қазақстандық тауар өндірушілер мен отандық тауарлар туралы мәліметтерді қамтиды.

Айта кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚТӨ Реестрінен берілетін үзінді қолданыстағы СТ-KZ сертификаттары мен Индустриялық сертификаттардың орнын толық ауыстырады.

Ұлттық палата кәсіпкерлік қауымдастық арасында Қазақстандық тауар өндірушілер реестрінің мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруға дайын екенін білдіреді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ҚТӨ Реестрінің іске қосылу күні туралы ресми түрде хабарлағаннан кейін, Ұлттық палата барлық өндірушілерді ақпараттандырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174