«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанның үздік тауар өндірушілері анықталады

2016 жылғы 17 Қараша
12404 просмотров

18-19 қараша күндері Астанада «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы және «Ұлы дала елі» атты отандық тауар өндірушілердің ІІ форумы өтеді

Қос шара «Көрме» орталығында өтеді, онда өңірлік байқауларда жеңімпаз атанған 145 компания өнімдерін көпшілік назарына ұсынбақ.

Жыл сайын «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі мен отандық тауар өндірушілердің «Ұлы дала елі» форумын бір уақытта өткізу еліміздің ірі тапсырыс берушілері (мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар) мен отандық тауар өндірушілерді бір алаңға жинауға мүмкіндік береді. Олар В2В кездесуі аясында көптеген түйіткілді мәселелерді талқылай алады. Сондай-ақ тапсырыс берушілер үшін Қазақстанда қандай тауарлар өндірілетінін көзбе-көз көруге мүмкіндік туады.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы отандық өнімдердің сапасын арттыруға бағытталған жеке және заңды тұлғалардың қызметін жандандыру; Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдермен толтыруға ұйытқы болу; заманауи басқару әдістерін кеңінен енгізуге және отандық, халықаралық стандарттар негізінде сапаны қамтамасыз етуге алғышарттар жасау және көмектесу; сапа мәселесін шешу қажеттігіне өнеркәсіптік, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың назарын аудару; халық арасында сапа идеясын насихаттау мақсатында өткізіледі.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы үш аталым бойынша өткізіледі: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары».

Байқау дипломанттары әр аталым бойынша «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының белгісімен және І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталады.

Жеңімпаздар байқау белгісін төрт жыл бойы жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады.

«Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының ұйымдастырушысы – «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Қазақстанның үздік тауарлары» өңірлік көрме-байқауының ұйымдастырушылары – еліміздің 14 өңірі мен Астана, Алматы қалаларындағы Кәсіпкерлер палаталары.

«Ұлы дала елі» отандық тауар өндірушілердің ІІ форумы отандық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған. Форум аясында сауалдарға жауап алумен қатар, В2В форматында кездесулер өткізуге болады.

Сондай-ақ отандық кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Үкіметтің атқарып жатқан жұмыстарын кеңінен көрсету бағытында, заңнамалардағы  соңғы қосымшалар  таныстырылатын болады.

Форум аясында  ұзақ мерзімді шарттарға қол қою жоспарланған әрі ұзақ мерзімді келісімшарттарға әрбір отандық тауар өндіруші қатыса алады. Ұзақ мерзімді келісімшарттар – бизнесті сәтті дамытудың кепілі. Дәл сол ұзақ мерзімді келісімдер отандық тауар өндірушілерге келешекте бизнесті тұрақты дамуға кепілдік береді. Ұзақ мерзімді келесімшарттар дегеніміз – жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту, компаниялардың инвестициялық тартымдылығы, несиелердің  қолжетімділігі, жаңа қосымша өндіріс желілерін жолға қою және т.б.

«Ұла дала елі» брендін пайдалану құқығы Қазақстанды халықаралық ортада танытып жүрген үздік отандық тауар өндірушілер мен қызмет түрлерін ұсынушыларға беріледі. Аталымды жеңіп алу байқауына ірі, орта бизнестің өкілдерімен қатар, шағын бизнестің өкілдері де қатыса алады.

Байқау нәтижесі бойынша үш үміткер лауреат атанып, «Ұлы дала елі» брендін пайдалану құқына ие болады.

«Ұлы дала елі» ұлттық бренді елімізді әлемдік деңгейте танытатын басты құралдардың біріне айнала отырып, сапалы өнімдер мен қызмет түрлерін бірыңғай бренд аясында біріктіруге мүмкіндік береді. Жеңімпаздарға арналған қосымша мүмкіндіктер мен артықшылықтарды ескеретін болсақ, біріншіден, отандық тауар өндірушілерді ынталандыру, ал екінші жағынан, халықаралық аренада Қазақстанның имиджі мен танымалдығын арттыру.

 «Ұлы дала елі» отандық тауар өндірушілердің ІІ форумы аясында маркетинг пен тауарларды өткізу жолындағы алаң, яғни арнайы көрме өткізіледі.

Іс-шараның мақсаты: отандық нарықты Қазақстанда шығарылған жоғары сапалы және бәскеге қабілетті өнімдермен толтыруға көмектесу; қазақстандықтар мен шетелдік қонақтарды отанымыздың әрбір өңірінде өндіріліп, арнайы әкелінген отандық өнімдермен таныстыру.

Көрмеде отандық тауарлардың сапасына көз жеткізіп қана қоймай, әріптестік орнатып, өзара тиімді іскерлік  қарым-қатынастар аясын кеңейтуге болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер