«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлерге қарыз қаржысы қайтарылып жатыр

2017 жылғы 17 Қаңтар
- Батыс Қазақстан облысы
11564 просмотров

Бизнес-омбудсменнің арқасында кәсіпкерлердің 20 млн теңгеден астам қаржысы қайтарылды

Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтың Орал қаласына жасаған жұмыс сапары барысында, оған Бөрлі ауданы кәсіпкерлері жүгінді. «Экология» ЖШС, «Ақсай диагностикалау орталығы» ЖШС, «Мұқанов Х.У.» ЖК, «Жұмашев» ЖК және тағы басқа шағын бизнес өкілдері (барлығы 21 кәсіпкер), мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (МАЭС) шешімі негізінде, Бөрлі ауданы әкімдігінің «Горкомхоз» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық-мемлекеттік кәсіпорнындағы қарыздарын қайтарып алуға ықпал етуін сұраған. Қарыздың жалпы көлемі – 40 004374 теңге. Сот шешімдерінің орындалуын кәсіпкерлер жарты жылдан астам уақыт бойы күтіп келген. Мұндай жайтқа еліміздің барлық өңіріндегі кәсіпкерлер жиі тап болып жатқанын тілге тиек еткен Болат Палымбетов, БҚО бойынша Кәсіпкерлер құқығын қорғау уәкілі аппараты секторына мәселені өз бақылауына алуды тапсырып, кәсіпкерлердің өтініштерімен егжей-тегжейлі танысуға, оның тез арада шешілуіне атсалысуға шақырды.

Ал, Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің жақын арадағы отырысында Бөрлі ауданы кәсіпкерлерінен келіп түскен ұжымдық өтінішті, аудан әкімдігі өкілдерімен бірге қарау туралы ұсыныс жасалды. БҚО бойынша Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл хатшылығы кеңесінің шешімімен, сот актілерін орындау жөнінде тиісті шараларды қолға алу қажеттігі айтылды. Бұл ретте, тіпті, «Горкомхоз» ШЖҚ РМК мүлігін сату үшін, сатылымды жариялау ісін қолға алу қажеттігі туралы ұсыныс та ортаға салынды. Осыған орай, тиісті хаттарды Бөрлі ауданы прокуратурасы мен облыстық прокуратуға жөнелту қажет деді Болат Палымбетов. Сонымен бірге, осы сипаттағы хат ҚР Әділет министрлігіне жіберілді.

Аталған мәселе үнемі Палатаның бақылауында болғандықтан, 2016 жылдың 4 тамызынан бастап кәсіпкерлердің қарызы қайтарыла бастады. Осылайша,  Бөрлі ауданы аумақтық бөлімшесінің мәліметіне сәйкес, 2017 жылдың 16 қаңтарындағы жағдай бойынша, 10 орындау шаралары аяқталып, өтініштер бойынша 20 445 645 теңге қайтарылған. Ал, қалған өтініштер бойынша 1 257 786 теңге жартылай қайтарылып берілген.

Кәсіпкерлер бизнес-омбудсмен мен оның аппаратын мемлекеттік органдарға ықпал ететін бірден бір құрал екенін атап өтті. Қазіргі таңда, бизнесмендерден мемлекеттік органдармен және мемлекеттік органдар қатысушы мекемелермен болған дауда, кәсіпкерлік субъектілерінің пайдасына шешілген қарыздарды қайтару туралы сот актілерін орындауға қатысты жаңа өтініштер келіп түсуде.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер