«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес пен билік арасындағы диалог: салық саясатын одан әрі жетілдіруді талқылау

2025 жылғы 10 Ақпан
961 просмотров

10 ақпанда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерінің Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерінің басшыларымен кездесуін ұйымдастырды. Шараға 150-ден астам жетекші кәсіпкерлер, сондай-ақ, салалық комитеттер мен бірлестіктердің өкілдері қатысты. Негізгі талқыланған мәселе салық реформасы болды.

Үкіметтің ҚҚС сараланған мөлшерлемелері бойынша ұсыныстарын Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин таныстырды. Жарияланған бастамаға сәйкес, ҚҚС-тың жалпы мөлшерлемесін 16 пайыз деңгейінде белгілеу ұсынылып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін салықтан толық босату жоспарлануда. Бірқатар салалар үшін 10 пайыздық аралық мөлшерлеме енгізіледі. Осылайша, Үкімет ұсынған ҚҚС мөлшерлемелерін саралау: 16%, 10%, 0% және босату.

ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов таяуда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен ірі бизнес өкілдерімен кездесуде ұсынылған өзгерістердің экономиканың барлық саласына тигізетін әсерін тереңірек талдау қажеттігіне баса назар аударылғанын айтты.

«Біз үшін Палата ретінде микро бизнестің де, шағын бизнестің де мүдделерін ескеретін әділ салық салуды қамтамасыз ету маңызды. Тарифтік дифференциация шынымен де қажет, әсіресе білім беру және денсаулық сақтау сияқты салалар үшін. Салық кодексі қарапайым және болжамды болуы керек», - деді ол.

Оның айтуынша, микро және шағын бизнес үшін бірыңғай арнаулы салық режимі енгізіліп, орта бизнес үшін олардың бөлшектенуіне жол бермейтін жеңілдіктер жасалуы керек. Отырыста айтылған барлық ұсыныстар – ҰКП мен еліміздің түрлі салалары мен өңірлерінің бизнес өкілдері арасындағы ауқымды консультациялардың нәтижесі болып табылады.

Сонымен қатар, отырыста жеңілдетілген декларациялау режимін және бөлшек сауда салығын оның негізгі қағидаты – жылына 600 мың АЕК (2 млрд 359 млн теңге) дейін кіріс шектеуін сақтай отырып қайта қарау бойынша ұсыныстар талқыланды. Негізгі өзгеріс бұл режимді тек B2C сегментінде (бөлшек сауда) енгізу болып табылады.

Түрлі сала өкілдері салық ауыртпалығының артуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді. Сонымен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Фармацевтика, медицина өнеркәсібі және медициналық қызмет көрсету Комитетінің төрағасы Нұржан Отарбаев ҚҚС-тың өсуі денсаулық сақтау және фармацевтика секторы үшін елеулі қиындықтар тудыруы мүмкін екенін жеткізді. Өз кезегінде «Эдем» құрылыс компаниясының бас директоры Ирина Манжанова қате есептеулер баспана құнының 30-40 пайызға өсуіне әкелетінін айтты. Ол сондай-ақ, салық ауыртпалығының және басқарудың күрделілігінің артуы құрылыс саласындағы шағын және орта бизнеске кері әсер етуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Жиын соңында мемлекеттік органдардың өкілдері кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдап, барлық мүдделі тараптардың пікірлерін ескере отырып, салық реформасын одан әрі жетілдірудің маңыздылығын атап өтті. Экономиканың барлық секторлары үшін тиімді және әділ салық салуды қамтамасыз етуде ұсынылған бастамаларды талқылауды және нақтылауды жалғастыру туралы шешім қабылданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер