«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қылмыстық процесс кезінде бизнесті қорғау: жауапқа тартудың негізгі себептері

2025 жылғы 14 Наурыз
694 просмотров

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Инвесторлардың құқығын қорғау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған «Атамекен» ҰКП, мемлекеттік орган мен халықаралық ұйым өкілдері қатысты.   

Бүгінде инвесторлардың құқықтарын қорғау Кәсіпкерлік кодексімен реттеліп, инвесторлардың құқықтарын қорғауға жауапты бірнеше институттар мен тетіктер жұмыс істейді.

Талқылау барысында қатысушылар бюрократиялық кедергілер мен ұзақ мерзімді әкімшілік рәсімдер инвесторлар үшін негізгі проблемалардың бірі болып қала беретінін атап өтті. Атап айтқанда, инвесторлардың өтініштері салықтық және кедендік әкімшілендіру, рұқсат құжаттарының техникалық шарттарын алу, жер учаскелерін рәсімдеу, мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттері не әрекетсіздігі және т.б. мәселелерге қатысты болды.

Өз кезегінде, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарушы директоры –  Кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры Серік Әділов бизнесті құқықтық қорғауға қатысты ағымдағы жағдайы туралы баяндады. 

Оның айтуынша, заңнамалық шектеулерге қарамастан, «Атамекен» ҰКП қылмыстық істерде бизнестің мүдделерін тікелей білдіруге мүмкіндігі жоқ. Алайда, Палата мұндай жағдайларда кәсіпкерлерді қолдаусыз қалдыра алмайды. Ол үшін Бас прокуратурамен, Қаржылық мониторинг агенттігімен, Жоғарғы сотпен және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен өзара тығыз қарым-қатынас орнаған.  

Табысты ынтымақтастықтың мысалы ретінде азаматтық-құқықтық негіздер бойынша істерді тіркеуге тыйым салынған Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 179-бабына өзгерістер енгізу, сондай-ақ қылмыстық істер бойынша бизнесті қорғау үшін Бас прокурордың нұсқауын айта кетуге болады.

«Соңғы үш жылда қудалау органдары 1200 қылмыстық іс қозғап, оның 365 тоқтатылды. Бұл 300-ден астам кәсіпкердің қылмыстық қудалау орбитасына заңсыз енгенін көрсетеді, бірақ олардың үстінен қозғалған іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған», - деп атап өтті С. Әділов.

Сонымен қатар, кәсіпкерлердің Палатаға шағымдарын талдау бизнесті қылмыстық жауапкершілікке тартудың үш негізгі себебін анықтауға мүмкіндік бергенін айта кетті:

  • Сотқа дейінгі тергеулерді негізсіз тіркеу, көбінесе жеткілікті негізсіз, сондай-ақ бизнесті қылмыстық процес бойынша тексеру не аудит актілерінсіз, қылмысқа итермелеу арқылы тарту;
  • Азаматтық-құқықтық дауларды криминализациялау. Іс жүзінде мұндай жағдайларда қылмыстық нормаларды қолдануға заңнамалық тыйым салынғанына қарамастан, азаматтық-құқықтық келіспеушіліктер фактілері бойынша қылмыстық істер қозғау жағдайлары байқалады;
  • Ұйымдасқан қылмыстық топ туралы нормаларды коммерциялық ұйымдарға қолдану. Бұл интерпретация компания қызметінің белгілерін қылмыстық ұйымның элементтері ретінде бағалауды жеңілдетеді. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, соңғы үш жылда соттарға ҚК-нің 216 және 262-баптары бойынша 32 іс жіберілген. 17 жағдайда айыптау үкімі шығарылды, ал ҰҚТ бойынша 15 істен айып алынып тасталды.

С.Әділов заңнаманы, атап айтқанда Қылмыстық кодекстің 262-бабына өзгеріс енгізу керектігін жеткізді.

«Қазіргі уақытта Мәжілісте ұйымдасқан қылмыс туралы нормаларды коммерциялық ұйымдарға қолдануды болдырмау туралы заң жобасы бар», - деді ол.

Кәсіпкерлерге қатысты әділ әрі ашық қылмыстық процесті қамтамасыз ету елімізде қолайлы бизнес-ахуалды қалыптастырудың негізгі шарты болып табылады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы заңнаманы жетілдіру бойынша құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықты нығайтып, бизнес-қауымдастық құқығын қорғау жұмысын әрі қарай жалғастырады.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер