«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ШОБ үшін жаңа мүмкіндік: «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына қатысу шарттары түсіндірілді

2025 жылғы 06 Мамыр
- Түркістан облысы
138 просмотров

Бүгін Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында өңір кәсіпкерлеріне арналған маңызды семинар өтті. Іс-шара барысында Президенттің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысу талаптары таныстырылды.

Кәсіпкерлерге сапа менеджменті жүйесін енгізудің маңыздылығы, байқау кезеңдері мен сыйлық түрлері түсіндірілді. Айта кету керек, жеңімпаздар 450 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы алып, 4 жыл бойы арнайы эмблеманы қолдана алады.

Семинарда өнім стандарттары, сертификаттау және техникалық реттеу талаптары бойынша нақты кеңестер берілді.
«Сапа менеджменті жүйесін енгізу (ISO) – халықаралық нарыққа шығудың алғышарты. Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлерге осы бағытта кәсіби қолдау көрсету», – деді «КазСтандарт» РМК Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша филиалының басшысы Серік Бейсеев.

Іс-шараға қатысқан Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі салааралық кеңесінің төрайымы Салтанат Төлегенова байқаулардың маңыздылығына тоқталды:
«Әйел кәсіпкерлердің әлеуеті зор. Біз оларды сапа стандарттарына бейімдеп, осындай ұлттық байқаулар арқылы кәсібін кеңейтуге ынталандыруымыз керек».

«Бұл байқаулар кәсіпорындардың сапа мәдениетін қалыптастыруға және бизнестің тұрақты дамуына үлкен серпін береді. Өңірімізден де үздік жобалар мен өнімдер шығатынына сенімдіміз», – деді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Қали Жанель.

Ұйымдастырушылар шағын және орта кәсіп иелерін байқауларға белсенді қатысуға шақырды. Бұл — бизнесті жаңа деңгейге көтеріп, тұтынушы сеніміне ие болуға берілетін үлкен мүмкіндік.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер