«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» ҰКП: Көлік министрлігінің 1 мм-лік түзетуі бизнеске миллиондаған шығын әкелуі мүмкін

2025 жылғы 12 Қыркүйек
535 просмотров

ҚР Көлік министрлігі техникалық нормативтерге бір ғана, бастапқыда елеусіз көрінетіндей 1 мм-лік өзгерту енгізу туралы ұсыныс жасап отыр. Алайда бұл бастама теміржол саласындағы кәсіпкерлер арасында қызу пікірталас тудырды. Бұл мәселе «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында көтерілді.

Әңгіме жүк вагондары дөңгелегіндегі жалдың қалыңдығы жайында болып отыр. Қолданыстағы талап бойынша шекті норма – «25 мм-ден кем». Ал, министрлік бұл шекті «26 мм-ден кем» деп күшейтуді ұсынып отыр. Бүгінде ТМД елдері, соның ішінде Теміржол көлігі жөніндегі кеңеске (ТЖКК) және Теміржол ынтымақтастығы ұйымына (ТЖЫҰ) мүше мемлекеттердің барлығы «25 мм» нормативімен жұмыс істейді. Егер Қазақстан бұл норманы өзгертсе – жалғыз қалады.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының айтуынша, бар болғаны 1 мм-дегі айырмашылық жүк вагондарының иелеріне қосымша ондаған миллион теңге шығын әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, «КазТОА» компаниясының бас директоры Салтанат Адамбаева бұл өзгертулер қолданыстағы халықаралық келісімдерге қайшы екенін атап өтті.

«Министрліктің теміржол әкімшілігі өз критерийлерін бекітуге құқылы деген уәжі дұрыс емес. Келісімнің Қосымшасында тіпті бұдан да төмен шек – 24 мм көрсетілген. Бірақ бұл құқық тек ішкі тасымалдарға ғана қатысты», – дейді бизнес өкілі.

Бұл жағдайда Қазақстан өз теміржол операторларын шетелдік серіктестерімен тең мүмкіндіктерге ие болу құқығынан айырады. Егер жаңа шек 26 мм болып бекітілсе, шетелдік вагондар елімізде жалының қалыңдығы 25 мм-ге дейінгі дөгелектермен жүре алады, ал дәл осындай тозу жағдайындағы қазақстандық вагондар халықаралық рейстерге жіберілмейді. Бұл қазақстандық вагон иелерін дискриминацияға ұшыратып, 1520 мм жолтабан стандарты аясындағы бірыңғай техникалық талаптарды бұзады.

Бұл шешімнің мемлекетімізге тигізер экономикалық зардаптары да елеулі болуы мүмкін. Шекті тозу көрсеткішін 1 мм-ге қысқарту тағы 6-8 мың шақырым жүре алатын кейбір дөңгелек жұптарын қолданыстан ерте шығаруға алып келеді. Бұл өз кезегінде пайдалануға жарамсыз вагондар санын арттырып, қосымша логистикалық операцияларға, жылжымалы құрамның пайдалану тиімділігін төмендетуге және тасымал құнын қымбаттауына әкеледі.

Бұған қоса сарапшылардың айтуынша, 24–25 мм аралығында болатын жалдың қалыңдығы қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндірмейді. Негізгі қауіп – сүйірленген жалдарда, дәл солар дөңгелектің қолдану сапасына әсер етеді. Сондықтан министрліктің ұсынысы тек экономикалық емес, техникалық тұрғыдан да даулы болып отыр.

Аталмыш мәселе ішкі нормаларға емес, халықаралық келісімдердің бір бөлігіне қатысты болғандықтан, өзгертулерді біржақты шешіммен қабылдауға болмайды. Яғни, кез келген өзгерту мәселеге қатысты барлық елдердің қатысуымен халықаралық алаңдарда талқылануға тиіс, бір ғана министрлік деңгейінде қабылданбауы керек.

«26 мм-ден кем» шекті норма енгізілсе, бұл қазақстандық жүк вагондары иелеріне әділетсіз жағдай туғызып, халықаралық теміржол тәжірибесіндегі паритет пен келісім қағидаттарын бұзады. Көлік министрлігінің уәжі жеткіліксіз және теміржол паркін пайдалану тәжірибесін, техникалық стандарттарды және барлық тараптар үшін салдарын ескере отырып қайта қаралуы қажет», – дейді «Атамекен» ҰКП Логистика және тасымалдау департаментінің директоры Жасұлан Маралбаев.

Сонымен қатар, Кәсіпкерлік кодекстің 82-бабына сәйкес, кез келген жаңа реттеу немесе қатаңдату міндетті түрде реттеушілік әсерді талдаудан (РӘТ) өтуге тиіс. Дегенмен, бұл ұсынылған нормаға қатысты ешбір талдау жүргізілмеген.

Кездесу қорытындысы бойынша, қазақстандық көлік бизнесінің өкілдері нақты салдарды бағалау қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Көлік министрлігіне үш ай ішінде қолданыстағы 25 мм шекті норманың тасымал қауіпсіздігіне әсерін терең зерттеуді ұсынды. Тек объективті әрі жан-жақты зерделенген шешімге келгеннен кейін ғана бұл мәселені қайта қарау қажет.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174