«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Курорттық аймақтардағы қиындықтар мен құқықтық шектеулер: ҰКП-да туризм мәселелері талқыланды

2025 жылғы 17 Қазан
631 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында елдегі туристік саланың өзекті мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңес өтті. Жиынға ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Шоқанов, Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар мен туризм саласындағы бизнес өкілдері қатысты. Кездесу барысында саланың дамуына әкімшілік және инфрақұрылымдық кедергілер айтарлықтай тосқауыл болып отырғаны белгілі болды.

Кеңесті ашқан ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Шоқанов аталған мәселелер тек талқылау сатысында қалып қоймай, бейінді министрліктің қарауына жолданатынын атап өтті.

«Бүгін біз кейбір мәселелердің жылдар бойы шешімін таппай келе жатқанын көріп отырмыз. Туризм саласы – бұл жай ғана демалыс емес, бұл – экономика және жұмыс орындары. Жүйеге жаңа серпін беру, жергілікті атқарушы органдар, инвесторлар мен орталық мемлекеттік органдар арасында нақты байланысты қамтамасыз ету қажет», – деді ҰКП өкілі.

Өз кезегінде ТСМ өкілі Нұртас Кәріпбаев Президент Жолдауында атап өтілген туристер мен бизнеске арналған сапалы инфрақұрылым құру басымдығына назар аударды. Сондай-ақ, ол ҰКП тарапынан жүйелі проблемаларды дәлірек анықтау үшін өңірлерде кәсіпкерлермен көшпелі кездесулер өткізуді жолға қоюды ұсынды.

Қатысушылар атап өткен негізгі қаржылық кедергілердің бірі – бұл бизнесті субсидиялау бойынша мемлекет тарапынан қолдаудың дағдарысқа ұшырауы. Жүйелі түрде істемей тұрған тағы бір мысал ретінде Түркістан облысындағы құны 48 млрд теңге  болатын «Қасқасу» туристік-рекреациялық орталығы» инвестициялық жобасы келтірілді. 600 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндігі болған бұл жоба Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі басшылығымен тоқтатылған. «Қасқасу» туристік-рекреациялық орталықтың» иесі Ойрат Мамировтың айтуынша, инвестор барлық инфрақұрылымды тартқан, тиісті келісімдерді алып, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бойынша құрылыс-монтаждық жұмыстарының 90%-ын аяқтаған, алайда МҰТП жұмысты жалғастыруға рұқсат бермей қойған. Жобаның тұралап қалуына бұл аумақтың ЮНЕСКО мұрасына енетін орындар тізіміне қосылуы себеп болған. Кәсіпкердің айтуынша, бұл – ірі жеке инвестицияларға әкімшілік кедергілердің қалай тосқауыл болатынының айқын мысалы.

Кеңесте балалар туризмі мен несие беру мәселелері де жеке талқыланды. Ақмола облысы Өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық кеңестің төрағасы Қайрат Сұлтанов «Демалыс күндерінде және қысқа мерзімді тұрудың өзге де кезеңдерінде тұрғын үй беру» (ЭҚЖЖ 55.20) қызметін салық жеңілдіктері мен преференциялар берілетін басым қызмет түрлерінің тізіміне енгізу маңыздылығына тоқталды. Жалпы мәселелер қатарына ШОБ-қа арналған қолжетімді «ұзақ» несиелердің жоқтығы, ДАМУ қоры арқылы берілетін субсидиялардың кешіктірілуі және банктердің кепіл мүлкін төмен бағалауы жатқызылды.

Жиын барысында Су айдындарына ортақ қолжетімділік ережелері де сөз болды. Кәсіпкерлердің айтуынша, Су кодексінің 17-бабына енгізілген түзетулердің қолданылуындағы айқындықтың жоқтығы, соның ішінде балаларды сауықтыру орталықтары орналасқан қорғалатын аумақтарда бизнес пен тұрғындар арасында тәуекелдер мен қайшылықтардың туындауына себеп болды.

Бизнес өңірлердің қатысуымен жұмыс тобын құрып, нормативтік құжаттарға түзетулер енгізу бастамасын көтеріп отыр.

«Мүмкін болатын теріс салдарлар кәсіпкерлерге де, тұрғындарға да әсер етуі мүмкін», – деп атап өтті Жетісу облысы ӨКП төрағасы Рустам Хакимов.

Кеңесте қаралған басты тақырыптардың бірі – Алакөл мен Балқаш аймақтарындағы 2025 жылғы маусымдық қорытындысы болды. Ұзаққа созылған бірқатар мәселе аталды:

  • Инфрақұрылым. Орталықтандырылған кәріз жүйесінің және су құбырларының жоқтығы, электр энергиясының жиі үзілуі, ауыз және техникалық судың тапшылығы.
  • Көлік қатынасына қатысты мәселелер. Маусым қызып тұрған сәтте Алакөл бағытында ұшаққа не пойызға билет табу мүмкін емес, ал Балқаштың солтүстік жағалауына тек жеке көлікпен ғана жетуге болады. Балқаштағы әуежайдың реконструкциясы әлі аяқталмаған.
  • Санитария мен қауіпсіздік. Қоғамдық жағажайлардың жағдайы нашар, тазалықтың жоқтығы, жабдықталған медициналық пункттер мен дәріханалар тіпті жоқ. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары әлсіз және туристік полиция қарастырылмаған.
  • Құқықтық кедергілер. Жерді жалға алу мерзімінің қысқалығы (2 жыл) мен күрделі құрылысқа тыйым салынуы бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр. Бұл жағажай инфрақұрылымына инвестиция салудың қисынын жояды. Сонымен қатар, Су кодексіндегі түсініксіз ережелерге байланысты халықтың су айдындарына қол жеткізуіне қатысты шатасулар сақталуда.

Алакөл 2024 жылы 2022 жылмен салыстырғанда 32%-ға аз турист қабылдағанымен, орналастыру орындарының саны 20%-ға артқан. Кәсіпкерлердің айтуынша, курорттық әлеуеттің небәрі 10%-ы ғана пайдаланылып отыр. Егер жоғарыда аталған мәселелер шешілсе, туристік ағым 10 есе артып, 2,5 млн адамға жетуі мүмкін, ал кіріс 85 млрд теңгеге дейін өсуі ықтимал.

Бұл ретте Балқашта туристер саны 17%-ға, орналастыру орындары 43%-ға артқанымен, әлеуеттің небәрі 7%-ы ғана пайдаланылуда. Қажетті деңгейде жағдай жасалса, туристік ағым 1 млн адамға, ал кіріс қазіргі 2,4 млрд теңгеден 18 млрд теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін.

Кеңес соңында ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Шоқанов негізгі курорттық аймақтар бойынша жобалық топтар құруды, бизнес, жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік құрылымдар арасында жүйелі өзара әрекеттестікті жолға қоюды ұсынды. Мақсат – курорттық аймақтардағы өзекті проблемаларды кешенді түрде шешу.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174