«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Үкімет салық саясатын жаңартты: бизнес үшін жеңілдік пен сенім кезеңі басталды

2025 жылғы 17 Қазан
489 просмотров

Үкімет ШОБ үшін салық амнистиясын бекітті. Айыппұлдарды алып тастау және есептілікті жеңілдету – бизнес қауымдастықтың маңызды жеңісі.

Бүгін Астанада сарапшылар қауымдастығымен экономикалық саясатты, оның ішінде Салық кодексінің нормаларын түсіндіруге арналған кездесу өтті.

Еске сала кетсек, кеше Үкімет АСР қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімін 44 позицияға дейін қысқартып, оны жуырда жариялауға уәде берген болатын.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексін түсіндіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Құжаттың басты мақсаты – әкімшілендірудің сервистік моделіне көшу.

Негізгі өзгерістер қандай?

Басты өзгерістер салықтық жүктемені азайтуға бағытталған. Салықтар мен төлемдердің саны 20%-ға, ал салық есептілігі 30%-ға қысқартылды. Жүйені оңтайландыру мақсатында 128 салықтық жеңілдік жойылады. Негізгі мөлшерлеме 20% деңгейінде сақталады. Әлеуметтік сала үшін (білім беру, медицина) 2027 жылға дейін мөлшерлемені кезең-кезеңімен 10%-ға дейін көтеру жоспарланған.

Банк секторы үшін мөлшерлеме 25%-ға дейін өседі (нақты секторды несиелеуден түскен табыстардан басқа). Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне оңайлатылған 3% мөлшерлеме белгіленді.

Бизнес үшін ынталандыру ретінде жандандыру, қайта құру және жабдық сатып алуға жұмсалған шығындарды 10 жылға дейінгі мерзімге шегеру құқығы енгізіледі.

Азаматтарға қатысты жеке табыс салығына (ЖТС) прогрессивтік шкала енгізіледі (10% және 15%). Айлық табысы 150 мың теңгеге дейінгі жалдамалы қызметкерлерді ЖТС-тен босататын салықтық шегерім едәуір ұлғайтылады. 10 жылдан асқан көліктер үшін көлік салығы 30-50%-ға азаяды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемдері ЖТС-тан босатылады.

ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін көтеріледі, ал ҚҚС тіркеу шегі 40 мың АЕК-ке дейін төмендетілді. АСР саны жетіден үшке дейін қысқарды, оның ішінде әлеуметтік төлемге 4% мөлшерлемемен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа режим және ҚҚС-тан босатылатын Оңайлатылған декларацияның кеңейтілген режимі бар.

Азамат Әмриннің айтуынша, реформа салық салуды барынша теңгерімді етуге және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов егер салық сомасы 1 млн теңгеден аз болса, жер салығы мен мүлік салығына қатысты қолданыстағы төлем есептері алынып тасталатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ, салықтық есептілікті тапсырмағаны үшін көзделген әкімшілік жауапкершілік толықтай жойылады. Бұрын бұл бап бойынша 300 мыңға жуық салық төлеуші жауапқа тартылатын, бұл артық жүктеме мен шығындарды туғызған еді. Енді есептілік тапсырылмаған жағдайда нөлдік декларация қабылданады және кейін қосымша есеп арқылы түзету енгізу мүмкіндігі қарастырылған.

Есептілікті ұзарту және кері қайтару рәсімдері алынып тасталды – барлық түзетулер тек қосымша декларация арқылы жүргізіледі.

«Салықтық амнистия»: микро және шағын бизнесті қорғау

Микро және шағын бизнеске бұрын-соңды болмаған қолдау шаралары жарияланды.

Белгілі бір кезеңдерге микро және шағын бизнеске тексерулер жүргізілмейді. 1 сәуірге дейін негізгі салық қарызын (алдыңғы жылдың 1 қаңтарына дейінгі жағдай бойынша) өтеген жағдайда өсімпұл мен айыппұлдар есептен шығарылады.

Әрекет етпейтін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді тексерусіз, тек өтініш арқылы тарату тәртібі жеңілдетілді.

«Біз жұмысты таза парақтан бастаймыз», – деді Ержан Біржанов. Ол жаңа бағыттың кәсіпкерлікке сенім мен қолдау көрсетуді көздейтінін атап өтті.

Кездесу барысында сарапшылар мен кәсіпкерлер өз сұрақтарын қойып, уәкілетті органдар тарапынан толыққанды жауап алды.

Бизнес-қауымдастық белгілі бір дәрежеде сақтық танытқанмен, аталған оң өзгерістерді қолдады. Жаңа Салық кодексінің нормаларын ұзақ талқылаудан кейін қабылданған шешімдер көпшілікке бірдей жағымды әрі таңғаларлықтай әсер етті.

«Қазақстан Үкіметінің арнаулы салық режимдерін қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімін күрт қысқарту туралы шешімі – бизнес қауымдастықтың «ортақ жеңісінің» нәтижесі. Бүгін Қаржы министрлігінің өкілдерімен кездесуде біз нақты кепілдеме алдық. Вице-министрден туроператорлық қызмет бұл тізімге енбейтіні жөнінде жауап алдым», – деді Астана қаласы «Атамекен» ҰКП-ның Туризм бойынша салалық кеңесінің өкілі Татьяна Верницкая.

Осылайша, туроператорлар, сондай-ақ оларға қатысты гидтер, экскурсоводтар мен нұсқаушылар арнаулы салық режимінде жұмысын жалғастыра алады. Осындай шешім креативті индустрия, қолөнершілер және жеке спорт саласы үшін де болады деп күтілуде.

Бизнес өкілдерінің пікірінше, ҰКП-мен бірлесе әрекет еткен кәсіпкерлердің белсенді әрі үйлесімді ұстанымы ымыралы шешімнің қабылдануында шешуші рөл атқарды.

«Біз Салық кодексін ұзақ талқыладық, көптеген хат жаздық, бизнес өкілдерімен бірнеше рет кездестік. Менің ойымша, бұл – біздің үлкен жеңісіміз», – деді кәсіпкерлер.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов қабылданған шешімді бірлескен өнімді жұмыстың және ымыраға келудің нәтижесі деп атады.

«Бұл – керемет жаңалық. Мұндай шешім қабылдағаны үшін мемлекеттік органдарға үлкен алғыс айтамыз. Бұл – аса дұрыс әрі ақылға қонымды қадам. Біздің бірлескен жұмысымыздың оңтайлы нәтижесін толық қолдаймыз», – деді Жаркенов.

Ол сондай-ақ жұмыла атқарылған жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

«Біз осының бәрін нақты тұжырымдауға көмектескен бизнес-қауымдастыққа, салалық ассоциацияларға, белсенділерге және бизнес ортадағы блогерлерге алғыс айтамыз. Үкіметтің бізді тыңдап, түсіністікпен қарағанына қуаныштымыз», – деп қорытындылады Тимур Жаркенов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174