«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қарағандыда мемлекеттік қызметтердің сапасы мен бизнестің әкімшілік кедергілері талқыланды

2025 жылғы 04 Қараша
- Қарағанды облысы
288 просмотров

Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Кездесуде мемлекеттік қызметтердің сапасы мен кәсіпкерлер жиі ұшырасатын әкімшілік кедергілер мәселесі қаралды.

Кеңесті аша отырып, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік тосқауылдарды азайту бөлімінің басшысы Қонысбек Ахметов соңғы жылдары кәсіпкерлердің өз құқығын қорғау үшін сотқа жиі жүгінетінін атап өтті. Бұл, оның айтуынша, шағымдарды сотқа дейін шешу тетіктерінің тиімсіздігін көрсетеді.

«Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс азаматтар мен бизнестің құқығын қорғауға мүмкіндік берді, алайда сотқа дейінгі реттеу тетіктерінің нақты жұмыс істемеуі өзекті мәселе болып отыр. Кәсіпкердің басты міндеті — айлап сот табалдырығын тоздыру емес, жұмыс істеу», — деді Қонысбек Тлекұлы.

Ол Палата қараған нақты мысалдарды ұсынды. Олардың қатарында жеке кәсіпкер Тоғайбаев, сондай-ақ «REAL» және «ГК ДостарАлем» компаниялары бар. Бұл кәсіпорындар эскиздік жобаларды келісу және жасыл желектерді кесуге рұқсат алу кезінде негізсіз бас тартуларға тап болған. Ахметовтың айтуынша, қажетті құжаттардың барлығына қарамастан, бизнес өкілдері бюрократиялық кедергілерді еңсеріп, өз құқығын сот арқылы қорғауға мәжбүр.

Кеңес төрағасы Геннадий Жмук мұндай жағдайлар кәсіпкерлердің мемлекеттік органдарға деген сеніміне нұқсан келтіріп, жүйелі шешімдерді талап ететінін атап өтті.

«Шенеуніктердің формализмге бой алдыруы мен шешім қабылдаудағы субъективтілік бизнес үшін қауіп төндіреді. Кеңес бұл мәселелерді назарда ұстап, материалдардың барлығын орталық органдар мен прокуратураға жолдайды», — деді Геннадий Николаевич.

Отырыста Қарағанды облысының прокуратурасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері қатысты. Ведомство өкілдері қаралған істер бойынша құқықтық баға беруге, лауазымды тұлғалар әрекетінің заңдылығын және көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасын тексеруге дайын екендерін растады.

Отырыс қорытындысы бойынша облыстық прокуратура мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне прокурорлық қадағалау шараларын қабылдау және рәсімдердің ашықтығын арттыру жөнінде ұсыныстар жіберілетін болды.

Кәсіпкерлер палатасы ведомствоаралық өзара іс-қимылды жақсарту және әкімшілік кедергілерді жою бойынша ұсынымдар қамтылған жиынтық есеп дайындайды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174