«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Райымбек Баталов Қазақстандық кеден брокерлері қауымдастығы Кеңесінің төрағасы Геннадий Шестаковқа «Құрмет» орденін табыстады

2025 жылғы 20 Қараша
630 просмотров

Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Қазақстандық Кеден брокерлері қауымдастығы Кеңесінің төрағасы Геннадий Шестаковқа мемлекеттік награда тапсыру бойынша салтанатты рәсім өтті.

Награданы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов тапсырды.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылдың 21 қазанындағы Жарлығымен Геннадий Шестаков «Құрмет» орденімен марапатталды. Аталмыш марапат мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін берілді.

Геннадий Шестаков 71 жасқа келгеніне қарамастан, Қауымдастық кеңесінің төрағасы ретінде белсенді қоғамдық қызметін жалғастырып келеді. Оның жұмысы Парламенттің тиісті комитеттерімен және Қазақстан Үкіметімен тиімді өзара іс-қимыл орнатуды қамтиды.

Ол мемлекеттік органдарға кедендік реттеу саласындағы заңнамалық база мен нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіруге бағытталған ұсыныстар мен жобаларды тұрақты түрде жеткізіп отырады.

Геннадий Шестаков – тек Қазақстанда ғана емес, ЕАЭО аясында да елдің бизнес-қауымдастығы атынан пікір білдіріп, кеден ісі саласындағы нормативтік базаны әзірлеуге үлкен үлес қосып келеді. Сондай-ақ, ол кеден заңнамасын жетілдіруге бағытталған маңызды өзгерістер мен ұсыныстарға бастама жасаған.

Сонымен қатар, ол кеден әкімшілендіруін жетілдіру мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен белсенді жұмыс істейді.

Айта кетейік, 2000 жылы «Қазақстандық Кеден брокерлері қауымдастығы» тікелей Геннадий Шестаковтың бастамасымен құрылған болатын. Бұл –кеден өкілдері мен басқа да заңды ұйымдарды біріктіретін әрі кедендік ресімдеу қызметтерін көрсететін коммерциялық емес ұйым.

Геннадий Шестаковтың басшылығымен Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанның кеден брокерлері қауымдастықтарының жетекшілерімен тығыз өңірлік ынтымақтастық орнатылды.

«ҚКБҚ» ЗТБ – 2013 жылдан бері «Атамекен» ҰКП-ның аккредиттелген мүшесі. Бұл ретте ұйым өз қатарына әрі Палата құрамына сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды белсенді тартуда.

2025 жылдың қыркүйегінде Қауымдастық өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейтойға орай ЕЭК және Қазақстанның мемлекеттік органдары, сондай-ақ Орталық Азия елдері және басқа да мемлекеттердің кеден брокерлері қауымдастықтарының басшылары қатысқан халықаралық конференция ұйымдастырылды.

«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов Геннадий Шестаковтың көпжылдық тәжірибесін және оның Қазақстан бизнесінің мүддесін қорғаудағы ерекше рөлін жоғары бағалады. Ол Шестаковпен 27 жылдан аса таныс екенін айта отырып, үш онжылдыққа жуық уақыт ішінде оның кәсібилігі мен ұстанымдылығын құрмет тұтатынын атап өтті.

«Өмір бойы кедендік рәсімдеумен айналысқан адам ретінде айтарым – сіздің нормативтік құжаттар, рәсімдер саласындағы және бизнес мүддесін қорғау бағытындағы еңбегіңіз соңғы 30 жыл бойы барлық кеден қызметкерлері тарапынан зор құрметке ие болды. Бұл – жоғары кәсібиліктің үлгісі, мұны жоққа шығара алмайсың», – деді Райымбек Баталов.

Сөз соңында Райымбек Баталов мемлекет басшысы да Геннадий Шестаковтың еңбегін жоғары бағалағанына назар аударды.

«Отыз жылға жуық уақыт бойы бизнес мүддесін қорғап, тайсалмай, алға жылжып, талмай еңбек ету – үлкен құрметке лайық дүние. «Құрмет» ордені – сіздің көпжылдық еңбегіңіздің бағасы әрі ол сізге әлдеқашан тиесілі марапат деп білемін», – деп түйіндеді Райымбек Баталов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174