«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Іскер әйелдер қауымының ауылға жанашырлығы

2016 жылғы 25 Тамыз
- Батыс Қазақстан облысы
6529 просмотров

Барлық аудан орталықтарында Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарының жанынан Іскер әйелдер кеңесінің отырысы өтіп жатыр

Қазірдің өзінде аталмыш мәжілістер Зеленов, Ақжайық, Бөкей ордасы аудандарында өтті. «Әйелдер қауымы ауылдық жерде бизнесті дамыту мәселесіне келгенде аса белсенді, – деді Кәсіпкерлер палатасы Ақжайық аудандық филиалының директоры Нұрболат Жаңатауов. – Өйткені олар ауылдың көркейіп, жастардың көп шоғырлануына қызығушылық танытуда. Олар бизнестің ауыл шаруашылығы саласында ғана емес, сонымен қатар қызмет көрсету, тауар өндіру, әлеуметтік-мәдени салаларында да дамуын қолдап отыр».

Сол себептен де Ақжайық ауданының Іскер әйелдер кеңесінде көтерілген мәселелердің бірі – жастарды кәсіпке баулу мен бизнесін жаңа бастағандарға оқыту семинарларын өткізу болды. Сонымен қатар Ақжайық ауданының іскер әйелі кәсіпкерлер мен тұрғындар арасында балалар алаңын , асханалар, қоғамдық моншалар ашу сынды жаңа бизнес түрлерін дамытуға бастама жасап, оны насихаттау туралы мәселе көтерді. Нәзік жандар көгалдандыру, кәсіпорын субъектілерінің аумағында санитарлық тазалық жүргізу сынды мәселелерден де аттап кете алмады.

Іскер әйелдер кеңесінің басшысы Әмина Жанғалиева ауданның кәсіпкер әйеліне осы мәселерді шешу ісінде белсенді қатысуын сұрады. «Біз  мемлекеттің ауылдық жерде бизнестің дамуына көп қолдау білдіріп отырғанын көріп отырмыз. Нәтижесі де жоқ емес, біз мал санының өскеніне, өсімдік шаруашылығының дамығанына куә болдық. Бірақ, әзірге, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, қызмет көрсету, әлеуметтік-мәдени салалар әлі де болса жеткілікті дамыған жоқ, – деді Әмина Жанғалиева. – Біз, тәжірибелі кәсіпкерлер, өзіміздің аудандағы мүмкіндіктерімізді анықтай аламыз, әйелдердің әлеуметтік бейнесіне талдау жасай аламыз және әйелдердің іскерлік көзқарасына бақылау жүргізе аламыз. Және де осы талдаулар негізінде өзінің ісін бастасам дегендердің барлығына жан-жақты көмектесетін боламыз. Бастапқыда сөзбен айтып түсіндіреміз, одан кейін ісімізбен дәлелдейміз, сосын нақты қолдау көрсетеміз».

Бөкей ордасы ауданындағы Іскер әйелдер кеңесінің отырысы әдеттегідей өткен жоқ. Шара облыс әкімі Алтай Көлгіновтың ауданды жұмыс сапарымен аралауымен тұспа-тұс келді. Кәсіпкерлер палатасы Бөкей ордасы ауданы филиалының директоры Бибігүл Жұмағұлова Кеңес мүшелерімен бірігіп, жергілікті өнім өндірушілердің  көрмесін ұйымдастырды. Көрмеде 2016 жылы мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындар өз өнімдерін көрсетті. Олардың қатарында «Нәзік» тігін шеберханасының өнімдері, жергілікті наубайхананың тәттілері, жеке кәсіпкер Өмірбек Мұқанғалиевтің көкөністері және т.б. бар.

Ауданның Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері көрші Ресей Федерациясының Волгоград облысына жалғайтын жолдың салынуы туралы да мәселе көтерді. «Бізде тауар айырбастау «Полынный» автоөткелі арқылы өтеді. Ол бізден 20 шақырым қашықтықта орналасқан, – деді Бибігүл Жұмағұлова облыс әкіміне. – Алайда көктем, күз, қыс мезгілдерінде осы 20 км жолмен жүру мүмкін емес болғандықтан, Жәнібек ауданы арқылы айналып баруға тура келеді. Бұл дегеніміз, 300 шақырымдық жол. Оның шығыны да көп, тауардың сапасына да әсер етеді».

БҚО әкімі Алтай Көлгінов аудан әкімі Нұрлан Рахымжановқа аталған мәселені өңірлік даму картасына енгізіп, оны ары қарай шешу жолын зерттеуге нұсқау берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер